МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев отставкаға кетуі мүмкін

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасынан жиі шу шығады. Мұнда соңғы 3 жылда 3 жетекші ауысты. Барлығы пара алып, бастары дауға қалды. Құрылыс фирмасына дайын лицензия бермек болған Валерий Затай 30 млн теңге айыппұл төлеп құтылды. Ал, талай мемлекеттік қызметшіге сынақтан сүрінбей өтіп, аттестат алуға жәрдемдескен Мұрат Абылаев 8 жылға темір торға тоғытылды. Шілденің 19-ы басқарманың соңғы парақор басшысы Батырбек Қалабаевқа қатысты Петропавл қалалық соты үкім шығарды.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Сот шешімі бойынша Батырбек Қалабаевқа айыппұл салынады. Оның көлемі алған парасынан 35 есеге көп. Яғни, 26,6 млн теңге. Алайда, азаматтың үй қамағында отырған уақыты есепке алынып, айыппұл сомасы 25 млн 600 мың теңгеге дейін қысқарды. Әрі ол өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Ал, басқарманың экс бөлім басшысы Ерлан Кенжеболатовқа 21,5 млн теңге көлеміндегі айыппұл салынады.

Экс-шенеуніктер қылмыстық схеманы бүге-шүгесіне дейін ойластырыпты. Азаматтар кәсіпкерлерден ұдайы пара алып отырған. Не үшін дейсіз бе? Бизнес өкілдері сәулет-құрылыс ережесіне сай келмейтін нысандар тұрғызып, оны қолданысқа енгізбек болған. Ал, Қалабаев пен Кенжеболатов бұл заңсыз ғимараттарды, құжат жүзінде заңды қылыпты. Қолдағы билікті сезінген парақорлар мұнымен шектеліп қалмаған. Олар жергілікті серіктестіктердің біріне тіпті әкімшілік жауапкершіліктен құтылуға қолғабыс етіпті. Ақша үшін өзгелердің жазадан құтылуына көмектесіп жүргенде, өздерінің құрыққа қалай ілінгендерін де білмей қалған көрінеді.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Басқармамен қабылданған барлық заңсыз тұрғызылған нысандар тексерілді. Анықталғандай, бірнеше ғимараттың құрылысы экспертизадан өтпеген жобалық-сметалық құжаттама негізінде жүзеге асырылыпты. Тағы авторлық және техникалық қадағалау жүргізілмеген. Тіпті компаниялардың тиісті сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында жұмыс істеуге лицензиялары болмаған. Кейбір нысан қожайындары ғимараттарды қолданысқа өз еріктерімен енгізіпті.

Заңбұзушылықтар үшін экс-шенеуніктер жазасын алды. Кезек – қылмыскерлермен ауыз байласқан кәсіпкерлерде. Бизнес өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, орын алған олқылықтарды шекті мерзімде жоюға міндеттеліп отыр. Осылайша, Қалабаев пен Кенжеболатов жасаған былықтардың нүктесі қойылды. Енді осы бассыздыққа жол берген басқарма жұмысына көңіл бөлу қажет.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Басқармадағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы сараптама жасадық. Басқарманың жұмысында бірқатар олқылықтардың бары анықталды. Мәселен, құрылыс барысын бақылау кезінде орган қызметкерлері субъективті пікірін білдірген, кейбір кәсіпкерлерге іс жүзінде жоқ кемшіліктерді айтып, пара беруін меңзеген. Сараптама нәтижесінде басқарма жұмысын реттеу бойынша 15 ұсыныс жасадық.

Өзгерістер тек басқармада ғана емес, әкімнің аппаратында да болуы мүмкін. Заңды белшесінен басқан Батырбек Қалабаевтың кесірінен өңір жетекшісінің орынбасары Антон Федяевтің де креслосынан айырылуы ғажап емес.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

 – Бұл жауапкершілік заңды түрде бекітілген. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы үшін мен жауап беремін. Ведомствоның экс-басшысы парамен ұсталғандықтан мен өңір жетекшісінің атына отставкаға өтініш жазамын.

Отставкаға өтініш жазуға сот үкімі күшіне енген уақыттан бері 10 күн беріледі. Шенеуніктің арызын қабылдау-қабылдамауды облыс әкімінің өзі шешеді.

 

 

Эльмира Садвокасова