Денсаулық сақтау

Мониторингілік топ өкілдері дәріханаларды аралады

“Шалтайский-балтайский” дәрілер керек емес. Жұртшылықтың іздеп жүргені – сол баяғы парацетомол. Ал ол шаһар дәріханаларының көбінде әлі де жоқ.

Юлия Овсянникова – фармацевт:

– Соңғы рет парацетомол шамамен 1 ай бұрын болған шығар. 105 теңгеден сатамыз. Тұрғындар бірден алып кетеді. 1 адам 5, тіпті 10 қаптамадан алатындар бар. Келесі партияның қашан келетіні әзірге белгісіз. Дистрибюторлардан хабар жоқ.

Сынап термометрлерін де бір де бір дәріханадан таппайсыз. Градусниктер сөрелерде сәуірден бері жоқ. 37 мың теңгеге электрондық қондырғы ғана бар. Сауда орындарын аралап, мониторинг жүргізіп жүрген қоғам өкілдері де ең қажетті деген дәрі-дәрмектердің тапшылығы сезілетінін жасырмады.

Нұрсұлтан Бұхаров – “Жаңғыру” жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалысы” РҚБ СҚОФ директорының орынбасары:

– Дәріханаларда бағаны негізсіз көтеру байқалмаса да, дене қызуын түсіретін дәрі-дәрімектің жетіспеушілігі байқалады.

Дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы препараттарға бұқараның сұранысы орасан. Күн санап артып жатпаса, кеміп жатқаны шамалы. Сондықтан, дәріханалардың көбі 1 адамға 2-3 қаптамадан артық бермейміз деп шектеу қойып отыр. Ал фармацевтер тұрғындарға сол парацетомолды абайлап ішу керектігін ескертеді. Тиісті мөлшерді сақтамай, негізсіз ішу денсаулық үшін аса қауіпті. Дәрінің бауырға әсері күшті.

Ольга Майсак – фармацевт:

– Шамадан тыс көп ішу бауырдың улануына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, күніне 2 таблеткадан артық ішпеген жөн. Дене қызуы 38-ден жоғары болса ғана қабылдау қажет. Өйтпесе, керек емес.

Ал бағаның жайы қалай? Сұраныс бар екен деп, препараттардың құнын шарқытатып жібергендер жоқ па? Мұны білмекке қоғам белсенділерімен бірге мониторингке біз де шыққан едік. Үш дәріхананы араладық. Алғашқы екеуі бойынша – сұрақ жоқ. Қымабатшылық байқалмайды. Ал үшіншісінде бір олқылық анықталды.

Аспирин кардио 20 теңгеге қымбат. Бұл – заңбұзушылық. 41 негізгі медикамент аталымының құнын денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағадан бір тиынға да асыруға болмайды. Дәріхана өкілдері “білмедік” деп шыр-пыр. Бақылау тобының мүшелері әзірге ескерту жасады. Бірнеше күннен кейін қайта оралады олар. Олқылық түзелмесе, өздері кінәлі.

Руслан Асаубаев – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық СҚО бойынша филиалының басшысы:

– Бағаның түсірілмегені анықталса, біз бұл препаратты сатып аламыз да, полиция шақырамыз. Оларға фискалдық чек пен дәрі қаптамасын көрсетіп, арыз жазамыз. Соның негізінде кәсіпкерге айыппұл салынады.

Асаубаев мырзаның сөзінше мұндай жағдайлар көп кездеспейді. Кездескеннің өзінде олқылықтар тез арада түзетіліп жатады. Десе де, қалтасын ойлайтын кәсіпкерлер жоқ емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департамент жанындағы мониторингілік топ шамамен бір ай ішінде 300-ге тарта дәріханаға бас сұққан. Бағаны заңсыз өсірудің 17 фактісі анықталыпты. Бақылау жалғаса бермек.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек