ТЖ

“Евразийский” сауда орталығынан өрт шықты

Алғашқы жағдай кеше кешкі сағат 9 жарымдар шамасында тіркелді. Әуезов көшесі бойында орналасқан 5 қабатты үйдегі пәтерлердің бірі отқа оранды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дереу жетіпті. Олар жедел әрекет етіп, жалын шарпыған баспанадан 4 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Өрт жарты сағаттың ішінде ауыздықталып, 40 минутта толық сөндірілді. Жалпы 17 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Болжам бойынша жалын үйдегі тұрмыстық техникадан шыққан. Пәтердің ас бөлмесі жанып кетті. От шарпыған аумақ 15 шаршы метрді құрайды.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Ал екінші жағдай бүгін таңғы 4-тер шамасында «Евразийский» сауда орталығында орын алды. Жалын нысанның 1-ші қабатында бас көтерген. Құтқарушылар оқиға орнына 6 минуттың ішінде жетеді. Бұл кезде от ғимараттың 2-ші қабатына тарап үлгеріпті. Өрттің күшті болғаны соншалық, мамандарға оны 4 тараптан сөндіруге тура келген.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Жалынның салдарынан 1-ші қабаттағы азық-түлік, тұрмыстық заттар және ұялы телефондар сатылатын 3 бутик өрттеніп, 3-еуін от шарпыды. Яғни, бірнеше сауда нүктесі бүлінді. Екінші этаждағы жағдай да мәз емес. Мұндағы 1 бутиктің жартысы өрттенді. Жалпы, қызыл шалын нысанның 450 шаршы метріне жайылды.

Құтқарушылардың болжауына сәйкес, сауда орталығындағы өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Өртті сөндіруге 54 адам мен 16 бірлік техника жұмылдырылды. Жалын таңғы 5:26-да ауыздықталып, 6-дан 4 минут кеткенде толық сөндірілді. Бұл уақытта ғимараттың ішінде ешкім болмады. Сондықтан зардап шеккендер жоқ. Ал күзетші орталықтың басқа жағында жүріпті. Ол – дін аман.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде 349 өрт оқиғасы орын алған. Тілсіздің жаудан 23 адам ажал құшты. Олардың арасында 2 бала бар.

 

 

Маржан Касымбек