ТЖ

СҚО 1 аптада 4 адам суға кетті

Шілденің 25-і күні Қызылжар ауданындағы Белое селосында өрт оқиғасы орын алды. Мұнда кешкі 5-тер шамасында тұрғын үйлердің бірі отқа оранды. Салдарынан 37 жастағы нәзік жанды көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, баспана иесі масаң күйде болыпты. Ол шылымды сөндірмей, ұйықтап қалған екен.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Жалпы, жыл басынан бері өңір аумағында 347 өрт оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, 23 адам ажал құшқан. Оның 2-еуі – кәмелет жасына толмаған балалар. Жалын облыс орталығында – 96, Қызылжар ауданында – 49, М. Жұмабаевта – 31, ал Айыртауда – 24 рет бас көтірген.

Өткен жұмада өрт қана емес, су да жерлестеріміздің өмірін жалмады. Шілденің 21-і күні бір жерлесіміз мас күйде көлде шомылып, ажал құшты. Қайғылы жағдай Қызылжар ауданындағы Прибрежное селосының маңында орын алды.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Күндізгі 3 жарымдар шамасында 67, 75 және 76 жылғы 3 азамат балық аулау үшін көлге келеді. Оның екеуі қайыққа отырып, ауды құрамыз деп кетеді. Ал үшіншісі жағада қалады. Қос азамат 40 минуттан соң оралыпты. Сол сәтте 53 жастағы адамның жоқ екенін аңғарады. Олар бірден полицияға хабар берген. Мамандар оқиға орнына келіп, іздеу шарасын жүргізеді. Нәтижесінде 3 сағаттан соң судың астынан село тұрғынының денесін табады. Ол шомыламын деп батып кеткен екен.

Шілденің 26-сы күні де дәл осыған ұқсас 3 жағдай тіркелді. Тайынша, Қызылжар және Есіл аудандарының тұрғындары балық аулауға кетіп, үйлеріне қайтып оралмаған. Көз жұмған адамдардың әрқайсысы жайлы департамент өкілдері баян етті.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Полицейлер Тайынша ауданына қарасты Киров ауылынан 200 метр жерде орналасқан көлден 68-ші жылғы азаматтың мәйітін тапты. Туған-туыстарының айтуынша, ол түс кезінде балық аулауға кеткен. Содан қайтып оралмаған. Мұндай қайғылы жағдай Қызылжар ауданындағы Краснояр және Есіл ауданындағы Покровка селосы маңында тіркелді. 92-ші және 58-ші жылғы жерлестеріміз Есіл өзені мен көлде ажал құшты.

Мамандардың сөзінше, өңірімізде мамыр айынан бері 12 адам суға батып, көз жұмған. Олардың екеуі – бала.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек