Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда тез тұрғызылатын инфекциялық аурухана салынады

Фиброгастроскоп – кардиоорталыққа өте қажет аппарат. Емдеу мекемесінде біреуі бар, жуырда 8 млн теңгеге қосымша су жаңасы сатып алыныпты. Қондырғыны бір апта бұрын орнатып, сынақтан өткізген екен. Дәрігерлердің айтуынша, кескін – өте анық. Заман игілігі әсіресе асқазан-ішек жолы ауруларына шалдыққан науқастарға дәл диагноз қою үшін керек. Ал, өкпенің кез келген паталогиясын анықтауға цифрлық рентген-аппарат іске қосылыпты. Қазіргі жағдайда оның маңыздылығы – жоғары.

Асхат Молжігітов, облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары:

– Аппарат өкпенің қатты қабынған тұстарын да көруге мүмкіндік береді. Қондырғы толық автоматтандырылған. Сондықтан, шаруаны тез атқарып, 1 күнде біраз науқасты тексере аламыз. Құны – 46 млн теңге. Облыстық көпбейінді аурухананың қаржысына сатып алынды.

Коронавирус және пневмониямен күресте қондырғы дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетпек. Ақ халаттыларға артылған жүктемені шектеу шаралары да азайтып жатыр. Қуанышымызға орай, қазір ауруды жұқтырғандардың саны кемуде. Облыс әкімінің сөзінше, індеттің шарықтау шегі артта қалды. Оған статистика да дәлел. Шілденің басында жедел-жәрдем мамандарының көмегіне 1 тәулікте 700 жерлесіміз жүгінсе, қазіргі көрсеткіш – 3 есеге аз. Инфекциялық және провизорлық стационарға жатқызылатындардың да саны 250-ден 74-ке дейін қысқарыпты. Пандемия кезінде өңір ауруханаларындағы төсек-жайлардың да саны 6 есеге артты. Қолға алған шараларды ескеріп аймақта жоспарлы госпитализация қайта енгізіледі. Емдеу мекемелеріндегі орын – жеткілікті, әрі Петропавлда жаңа әрі тез тұрғызылатын инфекциялық аурухана бой көтереді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Нысан тұрғызылатын орын дайын. Ғимарат құрылысы жүргізіліп жатқан көпбейінді ауруханының маңында болады. Барлық коммуникациялар тартылды. Емдеу мекемесі 200 төсек-орынға шақталмақ. Барлық заманауи технологиялармен қамтылады. Ағымдағы жылдың қазан айында қолданысқа тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Бүгінде ауруханаларда жабдық тапшылығы байқалмайды дейді өңір жетекшісі. Емдеу мекемелерінде пандемияға дейін 73 ИВЛ аппараты болды. Індет жайлағанда жоғарғы класстағы 5-уі сатып алынды. Жақын арада тағы 24-і жеткізілмек. Денсаулық сақтау министрлігі де 160 өкпені жасанды желдету қондырғысымен қамтиды. Облыс бюджетінен 20 оттегі концентратына қаржы бөлінді, оған қоса 20-сын «Самұрық-Қазына» қоры, 67-сін демеушілер жіберді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Оттегі баллондарымен қамтуда бірқатар қиындықтар бар. Ауыр болғандықтан, оларды қаланың бір шетінен екіншісіне тасу оңай емес. Облыстық мәслихаттың отырысы өткенде мәселені көтердік. 5 ауруханаға оттегі станцияларын орнатуды шештік. Аталған мақсатқа 300 млн теңге бөлінді.

Дәрі-дәрмек мәселесі де – бақылауда. Стационарларда 16 күнге жететін қор бар. Дәріханалар дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы және антибактериалды препараттармен қамтылған. Бұл – облыс орталығындағы жағдай. Ал, елді мекендердегі ахуал – басқа. Селолардың көбінде дәрі түгілі, дәріханалардың өзі де жоқ. Өңір жетекшісі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қарап қалмай, көмекке келуді сұрайды.

 

Эльмира Садвокасова