Қоғам

Өңірде көмір тапшылығы жоқ

Сағат таңғы – 11. Теміржол тұйығына келген қала тұрғындары енді ғана тарасып жатыр. 9-ға таман мұнда сатып алушылардан ұзын-сонар кезек құрылыпты. Қыстың қамын ертерек ойлап, қара отын қорын дайындауға кіріскендердің бірі – Светлана Сущенко.

Светлана Сущенко – қала тұрғыны:

– Үйімнің аумағы – 140 шаршы метрді құрайды. Тағы моншамыз бар. Бір маусымға 4 тонна көмір артығымен жетеді. Бірнеше жылдан бері осы жерге келіп, Шұбаркөлді сатып аламыз.

Жұмысшы кентіндегі теміржол тұйығы – Петропавлдағы жер үй тұрғындары арасында аса танымал. 10 жыл болды кәсіпкер тек Шұбаркөл көмірін саудалап келеді. Қара отынның сапасы – жоғары. Жақсы жанып, үй ішіндегі жылуды ұзақ уақыт бойы ұстап тұрады. Әрі қалатын күлдің көлемі – басқаларымен салыстырғанда едәуір аз.

Мұратхан Тұрмұхамбетов – «Жан» ЖК менеджері:

– Ажиотаж жоқ. Былтыр да ажиотаж болған жоқ. Бұрын ешкім маусым айынан бастап көмір алмайтын. Биыл маусым-шілде айларында 3 мың тонна саттық. Күніне 150-200 тоннадан сатамыз.

2017-дегі көмір тапшылығы тұрғындардың есінде. Проблема қауырт маусымға қамдануды кеш бастағандықтан орын алған еді. Биыл жағдай қайталанбайды. Жұмысшы кентіндегі тұйыққа айдың соңына дейін тағы 1,5 мың тонна қара отын жеткізіледі. Ал, тамыз айында қор 7 мыңға толықпақ. Қуантарлығы сол көмірдің құнына екінші жыл қатарынан бір тиын да қосылмаған. Мәселен, шұбаркөлдің тоннасын – 14400 теңгеге сатып алуға болады. Жалпы…

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Көмірдің бағасы өзгеріссіз қалып отыр. Оның орналасу қашықтығы мен маркасына байланысты 8500 теңгеден 17500 теңге аралығын құрайды. Халықтың жылыту маусымындағы қажеттілігі 393 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда халықпен 98 мың тоннасы дайындалып үлгерген. Яғни, 25 пайызы.

Солтүстікқазақстандықтардың жоғары сұранысына Шұбаркөл мен Қаражыра көмірі ие. Тағы өңіріміздегі 34 темір жол тұйығындағы сатылымда Богатырь мен Жалын да бар. Біріншісі ең арзан, ал соңғысы ең қымбат қара отын болып саналады. Жылыту маусымына әзірленіп жатқан жерлестеріміз үшін қорда 45 мың тонна көмір бар. Оның 5,5 мыңы облыс орталығында сақтаулы. Аймақ тұрғындарымен салыстырғанда қысқа дайындықты бюджеттік ұйымдар белсенді жүргізуде екен.

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Бюджеттік мекемелердің жылыту маусымына қажеттілігі 145 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда 78 мың тоннасы теміржол тұйықтарына жеткізілген. Аудан әкімдіктері көмірді тұйықтардан сақтау қоймаларына жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бүгінде сақтау қоймаларына қара отынның 68 мың тоннасы жеткізіліпті.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова