Құқық қорғау органдары

Биыл Петропавлда 183 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Жуырда петропавлдық зейнеткер ғаламтор алаяқтарының құрбанына айнала жаздады. Оқиға былай болған: Лариса Романоваға білгісіз біреу қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Және сіздің картаңызды қарағандылық азамат бұзды деп мәлімдеген. Бірақ, бұған нәзік жанды сенбепті.

Лариса Романова – қала тұрғыны:

– Менен бәз біреу Қарағанды қаласында тұратын Михаил Белов есімді азамат сіздің картаңызды бұзды, сол жанды білесіз бе деп сұрады. Мен жоқ деп жауап бердім. Кейін, телефонның ар жағындағы азамат қазір сізге бірнеше сұрақ қоямын, сіз жауап бересіз деді. Қарсылық таныттым. Оған ертең банкке барып, мән-жаймен танысамын дедім. Сол кезде олар тұтқаны қоя салды. Бір минуттан соң оған қоңырау шалып едім, ешкім жауап бермеді.

Бұдан соң зейнеткер полицейлерге хабарласыпты. Тәртіп сақшылары бұл алдау сценарийлерінің бірі екенін растаған. Өйткені, жыл басынан бері Петропавлда дәл осындай 18 факті тіркеліпті. Мамандардың сөзінше, карантин уақытында интернет-алаяқтық оқиғалары жиелей түскен.

Жангелді Әпенов – қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

 – Алаяқтар банк қызметкерлері атынан клиенттерге олардың карталары бойынша күдікті аударымдар жүргізіліп жатқаны туралы хабарлайды. Шынайылық үшін банктердің нөмірлерін түрлі бағдарламалар арқылы көшіріп алып, қоңырау шалады. Телефон арқылы сөйлескен кезде олар банктегі қауіпсіздік қызметкерлерінің рөлін шебер атқарады. Терминдерді таңдап, әңгімелесуді сыпайы және сенімді түрде жүргізеді. Алаяқтар адамның оған сеніп қалғанын түсінген кезде, ол транзакцияны жою үшін ИИН мен төлем карточкаларының деректемелерін сұрап алады.

Сонымен қатар, алаяқтар Instagram әлеуметтік желісін де жиі пайдаланады. Олар тұрғындарға жалған парақша арқылы түрлі тауарлар мен қызметтерді ұсынады екен. Сондықтан тәртіп сақшылар қала тұрғындары арасында ақпараттық жұмыстар жүргізіп, жаднама қағаздар таратуда.

 

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана