Қоғам

3 күн ішінде – 74 құқықбұзушылық

Шілденің 24-і мен 26-сы аралығында карантин режимі облыста қатаңдатылған болатын. Бірақ, азық-түлік емес тауарларды саудалайтын 4 кәсіпкер ережені елемепті. Тағы екі дәмхана тұрғындарға қызмет көрсетуді тоқтатпаған. Бизнес өкілдері енді жарты млн теңгеден аса айыппұл төлейді.

Тағы, полицейлер Қызылжар ауданында орналасқан демалыс базаларының біріндегі екі жалдамалы үйде тынығып жатқан тұрғындардың үстінен түсті. Демалушылар үйлеріне жіберілді, ал турбаза басшылығы штраф төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ, жұма, сенбі, жексенбі күндері полиция қызметкерлері індет жұқтырып, үй карантинінде отыруы тиіс азаматтарды да тексерген. Тәртіп сақшылары мекен жайларына барғанда, кей жерлестеріміз баспаналарында болмай шықты. Ал, өзге қалалықтар пандемияға қарамастан, отбасылық шараларды өткізіп, той тойлаған көрінеді. Карантин талаптарын бұзған жеке тұлғаларға да 83 мың теңгенің айыппұлы салынды. Жалпы облыс бойынша шектеулер күшейтілген соңғы 3 күн ішінде – 74, ал бір аптада 150-ден астам факті әшкереленген.

 

 

Ешкенова Дана