Қоғам

Қазақстандықтар онлайн түрде құрбандық шала алады

Саят Ермек – тілші:

– 30 күн оразадан соң 70 күннен кейін келетін Құрбан айт осы жұмада басталады. Ол биыл шілденің 31-іне түсіп, тамыздың 2-сіне дейін жалғаспақ. Бұл 3 күнде мұсылман қауым мал сойып, етін мұқтаждарға таратып, сауабын алуы тиіс. Бірақ, биыл үлкен айт бүкіләлемдік пандемия мен елдегі карантин жағдайында өтеді. Сондықтан, айт намазы жамағат болып оқылмайды – бұл бір. Екіншіден – дәстүр бойынша қаладағы мал сою қосынына барып құрбандық шалу мүмкіндігі болмайды. Отандық мүфтият қауіпсіздік үшін жұртшылыққа игі амалды қашықтықтан жасауды ұсынып отыр.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

 – “qurban2020.kz” сайты іске қосылды. Кез келген азамат құрбан шалуға онлайн түрде тапсырыс бере алады. Құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзі таңдау, қасапшымен бірге сою және көпшілік болып жиналу жағдайлары болмайды.

Құрбандықты “онлайн” шалуға тапсырыстар бейсенбіге дейін қабылданады. Ол үшін сайтқа кіріп, азамат өзінің өңірін таңдайды да, аты-жөні мен телефон нөмірін жазады. Кейін сойылатын мал түрін көрсетіп, “Каспий” банктегі әмияны арқылы төлемін жасауы тиіс.

Мұхаммад-Зохир Мирзоев – облыстық “Зекет” қоғамдық қорының өкілі:

– Ірі қараны 1-7 адам, ал қой, ешкі сынды малды 1 адам ғана құрбандыққа шала алады. Егер де адамға құрбандық малының шалынғандығы туралы фото не видео есеп керек болса, онда “WhatsApp” месенджері арқылы жіберіледі.

Шариғат заңдарына сәйкес, мейрамда құрбан шалғандар мал етін үшке бөлуі тиіс. Біріншісі отбасыда қалады, екінші – туған-туысқа, ал үшінші бөлігі жетім-жесір, мүгедектер мен мұқтаждарға таратылады. Алайда, қауіпсіздік мақсатында биыл бұл іске өзгеріс енгізіліп отыр.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Құрбан шалған азаматтар етті 3-ке бөлмейді. Пандемия жағдайына байланысты онлайн тапсырыс беріп сойылған ет түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға үлестіріледі. Осыған байланысты qurban2020.kz сайтында мұқьждардан да өтініш қабылданады. Сіз өзіңіздің аз қамтылған отбасы екеніңізді дәлелдейтін құжатты ұсынсаңыз, кейін сойылған етті еріктілер мұқтаждарға жеткізеді.

Мұқтаж жандар онлайн-өтініш берерде сайтқа мынадай құжаттарды тіркеулері тиіс.

Мұхаммад-Зохир Мирзоев – облыстық “Зекет” қоғамдық қорының өкілі:

– Ең алдымен жеке куәлік қажет, екіншіден, адам, мысалы, көпбалалы болса, соны растайтын құжат, мүгедек болса, мүгедектігін дәлелдейтін анықтаманы сайтқа тіркеу керек.

Құрбандықты қашықтықтан тек петропавлдықтар ғана емес, аудан мен ауыл тұрғындары да шала алады. Имамдардың сөзінше, тапсырыс бойынша мал сою ісі қатаң бақылауда болмақ. Еттің ұрланбауы мен санитарлық талаптардың сақталуын мешіт басшылығы, полицейлер мен эпидемиолог мамандар қадағалайтын болады.

Саят Ермек – тілші:

– Сондай-ақ, ауылдарда немесе қалада жер үйлерде тұратын мұсылмандар құрбандық малын өздері сойып, тарата алады. Бірақ тек жанұя ортасында. Көрші-қолаң, туған-туыстарды шақырып, ас беруге болмайды. Қазіргі ахуалда жамағат болып жиналу қауіпті. Ал мал сатумен айналысатын азаматтардан дін өкілдері бағаны негізсіз шарықтатып жібермей, сауапты іске ат салысуды өтінеді. Айта кетейік, құрбандық малын шілденің 31-і таңғы 7-лерден бастап, тамыздың 2-сі күн батқанша дейін сойған жөн.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек