Ауыл шаруашылығы

Алқаптар химиялық өңдеуден өтті

“АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” серіктестігі биыл 2300 гектар алқапқа рапс тұқымын сеуіпті. Аталған майлы дақыл түрі күтім мен ылғалды аса қажет етеді. Сондықтан агроқұрылым өкілдері химиялық өңдеу жұмыстарын көктемнің соңында бастаған екен. Яғни, дән сіңірілмей тұрып танаптарды гербицидпен өңдеген. Өнім зиянкестер мен арапшөптердің алдын алады. Кейін рапс қоректендіріліпті.

Валерий Целых – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Рапсты аминасид, нутривантпен қоректендіреміз. Химиялық өнімдер майлы дақылдардың жақсы өсуіне септеседі. Шығымдылықты арттырады, Ал зиянкестер мен арапшөптерге қарсы өңдеу жұмыстары кезінде инсектицид мен гербицидті қолданамыз. Алқаптарды бүгінгі күнге дейін 2 мәрте өңдедік. Алдағы уақытта қажеттілік туындаса, техниканы танаптарға қайта шығарамыз.

Өңдеу жұмыстары кешкі сағат 6 мен таңғы 9-дың аралығында жүргізіледі. Себебі, түнгі уақытта өнім химиялық препараттарды жақсы сіңіретін көрінеді. Жауапты істі қос тракторды тізгіндеген жігіттер тындырады. Шетелдік көлік бір өткенде бірнеше метрге сұйықтық шашады. Қауқарлы техникалармен 14-15 сағаттың ішінде 500-600 гектар жерді өңдеуге болады екен.

Тимур Женапинов “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

 – «АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ» серіктестігінде еңбек етіп жүргеніме 2 жыл болды. Қазір өңдеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Іс оңай деп айта алмаймын. Химиялық препарттармен жұмыс істегендіктен, аса мұқият болу қажет. Шаруаны аяқтағасын орақ науқаны жақындайды. Қауырт маусымда комбайн рөліне отырамын. Ал, қыста сынған техникаларды жөндейміз. Бір сөзбен айтсам, қол қусырып отырмаймыз.

Майлы дақылдардан бөлек, “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” шаруашылығы бұршақ тұқымдас және дәнді дақылдарды да өсіреді. Оларға тиесілі жер 7 мың гектарды құрайды.

Серік Женапинов – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Жыл сайын дақылдардың өсуіне кедергі келтіретін зиянкестер мен арашөптерге қарсы сан түрлі химиялық препарттар сатып аламыз. Қаражаттың басым бөлігі гербицидтік, фунгицидтік, инсектицидтік өңдеуге жұмсалады. Бүгінде біз фунгицидтік, гербицидтік өңдеу бойынша жұмыстарды аяқтадық. Алдағы уақытта зиянкестерге қарсы инсектицидті өңдеу бойынша шаруа жалғаспақ.

Биыл серіктестік химиялық препараттарды сатып алу үшін 100 млн теңге жұмсапты. “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” шаруашылығында 8 адам өңдеу жұмыстарымен айналысады.

Ешкенова Дана