Қоғам

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тексеріс жұмыстарын жалғастыруда

Сертификатсыз ет сатуға мүмкіндік берген, тексеріссіз гүлдерді шекарадан өткізген. Бұл – фитосанитария мен ветеринария салаларындағы парақорлық фактілері. Заңбұзушылықтардың орын алуына мемлекеттік қызметтің бетпе-бет жүзеге асырылатыны себеп болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің сөзінше, қос салада шешілуі тиіс проблемалар аз емес.

Шекарадан өтетін карантиндік өнімдер мұқият тексеріледі. Мұндай тауарларға құрамында зиянкестер болуы мүмкін көкеніс, жеміс-жидек пен өсімдіктер жатады. Жеткізілген жүктің фитосанитарлық жағдайын бағамдау мемлекеттік инспекторларға сеніп тапсырылған. Мамандар тексерісті екі жолмен жүргізе алады. Біріншісі – өнімдерді визуалды түрде шолып шығып, бағасын беру. Бұл – бірнеше минуттық іс. Ал, екіншісі – тауардан сына алып, зертханаға жіберу. Бар гәп – осында. Инспектор қаласа бақылаудың бірінші, қаламаса екінші түрін таңдайды. Яғни, парақорлыққа – жол ашық.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:


–  2016 жылдың шілдесінде зертхана меңгерушісі, қалалық аймақтық инспекцияның басшысы мен мемлекеттік инспектордың пара алғаны белгілі болды. Олар гүлмен айналысатын серіктестік директорының тауарын қағаз жүзінде ғана тексеріпті. Яғни, карантиндік өнімнің бүлінгеніне көз жұма қарап, тиісті бақылау жүргізбеген. Ал бизнесмен заң бұзушылыққа амалсыздан барған.

Неге дейсіз бе? Себебі, гүлдерден сынама алынса, ол зертханада 30 күнге дейін тексерілуі мүмкін. Бір ай бойы рұқсат қағазын тосып отырғанда, өсімдіктердің барлығы хош иістен айырылып, қурап қалар еді. Сондықтан, ең оңай шешім – пара беру. Заңбұзушылыққа қалайша жол бермеуге болады? Бір айта кетерлік жайт, адамның қатысуынсыз тексеріс жүргізілмейді. Сол себепті, бейнекамераларды іске қосу керек. Жалпы ағымдағы жылдың 5 айында карантиндік тауарды тиісті сертификатсыз тасымалдағаны үшін 10 адам жауапқа тартылыпты. Ал, енді ветеринарлық бақылауға тоқталсақ…

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:


–  Ветеринарлық инспекция 3 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның екеуі жүк пен көліктің ветеринарлық-санитарлық жағдайын тексерумен байланысты. Яғни, қос тарап бетпе-бет кездеседі. Бұл – парақорлық фактісінің орын алу мүмкіндігін арттырады. Ветеринарлық инспекциямен мемлекеттік қызметтің тағы біреуі көрсетіледі. Бірақ, ол реестрге енгізілмеген.

Парақорлыққа жол беретін бұл фактілерді зерттей бастағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ветеринария саласындағы заңбұзушылықты да анықтапты.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:


– Петропавл қалалық аймақтық инспекциясының ветеринарлық-санитарлық инспекторына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Азамат кәсіпкерлердің ет өнімдерін базарларға тиісті құжатсыз өткізген екен. Бұл қызметі үшін бизнесмендерден жүйелі түрде 3-10 мың теңге көлемінде пара алып отырған. Сыйақы берген 3 іскер жан анықталып, жауапкершілікке тартылмақ.

Тағы «Мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай терезесі» сайтына да мониторинг жүргізіліпті. Анықталғандай, тұрмыстық заттар, канцелярия, бензиннің бағасы 3 пен 5 теңге маңайында көтерілген екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері әрбір факті бойынша сатып алулар жоспарына өзгеріс енгізу туралы хат жазып жіберген. Салада шешілуі тиіс проблемалар аз емес. Тексеріс барысында анықталған олқылықтарды жою жөнінде мамандар 17 ұсыныс әзірлеп, тиісті органдарға жолдапты.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова