Құқық қорғау органдары

Петропавлда қомақты көлемде ақша ұрлаған ұры ұсталды

Қашқанмен құқық қорғаушылардан құтыла алмады! Облыс орталығында 4 миллион теңгеден астам ақша ұрлап, ізін суытпақ болған ұры ұсталды. Оны қырағы әрі желаяқ полицейлер алысқа ұзатпай қолға түсірді. Қазір бөтеннің мүлкін жымқырған жан – тергеу изоляторынды. Кінәсі толық дәлелденсе, 10 жылға дейін темір торға тоғытылады.

Бұл оқиға шілденің 22-сі күні, таңғы сағат 10-дар шамасында болған. «Корона» сауда үйінің маңында ұры нәзік жандының қолынан пакетті жұлып алып, үйлердің арасымен қаша жөнеліпті. Мұны полицейлер байқап қалған. Олар бірден құқық бұзушының соңына түсіпті. Инспектор
Асқар Татанов – жаяу, әріптесі көлікпен қуған екен.

Асқар Татанов – қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы:

– Сағат 10 кезінде Хименко көшесімен өтіп бара жатқанбыз. Көмек сұрап жатқан бір әйелдің дауысын естідік. Жан-жаққа қарасақ, «Апорт» жақта қашып бара жатқан жігітті көрдік. Қолында пакет болды. Артынан қуа жөнелдік. Ұстадық. Пакеттің ішінде 4 млн теңгеден артық ақша болыпты.

Ұры қашып бара жатқанда полицейлерді байқап, қолындағы ақша толы пакетті лақтырып жіберіпті. Алайда, ақша – түгел. Барлығы иесіне қайтарылды.

Күдікті: 

– Болел с похмелья. Проходила девушка и у нее из пакета вывалились деньги пачками. В этот момент у меня разум, маленько, затуманило и я схватил этот пакет у нее и побежал.

Қазір тонау фактісі бойынша ҚР ҚК 191-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған петропавлдық – 34 жаста. Ол бұрын бірнеше рет сотталыпты. Осы жолы кінәсі тағы дәлелденсе, 10 жылға дейін темір торға тоғытылады.