Қоғам

Өңірде 8 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді

Карантин басталғалы өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Қазір мекемелерде зарарсыздандыру жұмыстары күшейтілген, жаңа бөлмелер пайда болған. Ол жерде адамдарда респираторлық симптомдар немесе дене қызуының жоғарылауы байқалса көмек көрсетіледі.

Бүгінде СҚО-да 8 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Оларда 1600-ден астам азамат тұрады екен. Барлығы арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін алады.

Гаухар Ғабдуллина – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы:

– Бүгінгі күнгі жағдай бойынша облыстың медициналық-әлеуметтік мекемелерінде 1637 адам тұрады, олардың ішінде: 141-і – бірінші топ мүгедегі, 1212-сі – екінші топ мүгедегі, 44-і – мүгедек-бала санатындағы қызмет алушылар және 240-қы қарт кісілер болып табылады.

Енді жұмысшылар туралы баяндайық. Қазір әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 1170 маман еңбек етеді. Мекемелер карантин басталғалы жабық режимде жұмыс істеп жатыр. Санитарлық талаптардың барлығы сақталады. Тіпті, қызметкерлер үйлеріне бармай,
осында тұрады екен.

Марина Маркова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлім басшысының орынбасары:

– Карантин басталғалы мекемелерде бірқатар шектеу шаралары қолға алынды. Қазір қызмет алушылар ешқайда ауыса алмайды. Олармен кездесуге де тыйым салынды. Зарарсыздандыру жұмыстары күшейтілді. Гигиеналық талаптарды сақтау тәртібі енгізілді. Оқшаулау бөлмелері де пайда болды. Қызмет алушыларда респираторлық симптомдар немесе дене қызуының жоғарылауы байқалса, бірден сол жерде жеткізіліп, көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, мекемелер бірреттік бетперделермен, қолғаптармен, антисептиктермен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті.

Бұдан бөлек, қызмет алушылардың иммунитетті арттыру үшін сауықтыру шаралары ұйымдастырылып тұрады. Олар күнделікті дәрумен қабылдайды, таза ауада таңертеңгі жаттығуға, спорттық ойындарға қатысады және жаяу серуендейді.

Дана Ешкенова