Ауыл шаруашылығы

Есілдік фермерлер қысқа қамдануда

Есіл ауданының шаруалары шіліңгір шілденің басында шабындыққа шалғы салды. Бүгінде мұндағы “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” серіктестігі қауырт маусымдағы істі аяқтап қалған. Шапқандары – мал сүйсініп жейтін жоңышқа, арпабас, бетеге. Бұл азықтың бір бөлігі агроқұрылымдағы фермаға жеткізілсе, қалғаны Чириковка селосының тұрғындарына, биыл қоныстанушы ағайынға сатылмақ. Бағасы – қол жетімді.

Кешкі 6-лар шамасы. Бұл уақытта Есіл ауданындағы “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” серіктестігіне тиесілі алқапта техника жүйткіп жүр. Мамандар шабылған шөпті “Беларусь” тракторына тіркелген агрегатпен бумалауда. Бір техниканың рөлінде – Александр Гресюк. Жас механизатор тізгіндеген темір тұлпарына жоғары баға берді. Ол ескі көліктерге қарағанда шаруаны тез әрі сапалы атқарады екен.

Александр Гресюк – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Серіктестікте еңбек етіп жүргеніме 2 жылдай болып қалды. Жұмысым өзіме ұнайды. Техника – жаңа, мүлде істен шықпайды. Мұның нәтижесінде үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Оның үстіне басшылар да әрдайым қолдау көрсетеді. Ай сайын алатын жалақымыз да жақсы.

Алқапта Александрдан бөлек, тағы бірнеше адам еңбек етуде. Олар 1 күнде кемдегенде 150 орам азық әзірлейді екен. Биыл шығымдылық -жақсы. Көктемнің соңы мен жаздың басында жауған жаңбыр өнімнің өсуіне септігін тигізді. Осының арқасында мамандар жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын мына алқапта 10 мың центнер шөп дайындауды жоспарлап отыр. Ал, өткен жылдары көрсеткіш 7-8 мың центнерден аспапты. Техника жайына тағы бір тоқталайық. Серіктестіктегі көліктердің 60% – заманауи. Олар Беларусь елінен жеткізіліпті.

Ақбай Қожабеков – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС бригадирі, Есіл ауданы:

– Беларусь елінен 7 “МТЗ” әкелінді. Ал ескі тракторларды көбіне шөп тасуға пайдаланамыз. Алқапта 12 жұмысшы бар. Барлығы – ауылдың жігіттері. 02:59 Биылғы шөптің сапасы – жақсы. Шілде айында жаңбыр болмағандықтан, суға тиген жоқ.

Серіктестік мамандар маңызды шаруаны аяқтады деп айтуға болады. Бүгінде жоспарланған 10 мың центнер өнімнің 90 пайыздан астамын әзірленіпті. Азықтың үштен бір бөлігі Чириковка селосының тұрғындары мен агроқұрылым жұмысшыларына сатылады. 1 бумада 4 центнер шөп бар. Ал, 1 центнер өнімнің құны – 900 теңге.

Базарбек Құсайынов – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС зоотехнигі, Есіл ауданы:

– Шөптің бір бөлігі жұмысшыларға және тұрғындарға әзірленеді. Ауылға көшіп келіп жатқан қоныстанушыларға да көмектесеміз. Шөптің құны өзге ауылдарға қарағанда – арзан. Бір тіркемеге 9 бума шөп саламыз. Шамаман 30 мың теңге шығады.

Ал шөптің басым бөлігі қауырт маусымда агроқұрылымдағы малға берілмек. Бүгінде мұнда 300-ге жуық қазақы ақбас бар екен. Мақсат – Зеңгі баба төлдерінің санын арттыру.

Базарбек Құсайынов – “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС зоотехнигі, Есіл ауданы:

– Биыл малдың басы көбейгеннен кейін, шөпті 2 мың центнерге артық дайындадық. Өткен жылы 200 ірі қара болса, биыл 100 басқа артты. Сондықтан осында 3-ші базды жаңартып жатырмыз.

Айта кетейік, Есіл ауданындағы “АГРОФИРМА ЕСИЛЬСКАЯ” ЖШС мал шаруашылығымен қоса, өсімдік шаруашылығымен де айналысады.

Дана Сәлімқызы