Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық

Петропавлда тұрғын үйлерді жылыту маусымына әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін тиісті шаруа 300-ге жуық баспанада атқарылыпты. Алайда, әлі 800-ден астам ғимаратта іс басталмаған. Құбырлар тамыз айынының соңына дейін жуып-шайылуы қажет. Міндет орындалмаса нысандарға жылу уақытынан кеш берілетін болады.

Шухов көшесі бойында орналасқан 36-шы үйде 70-тен астам отбасы тұрады. Тұрғындарды бір мәселе мазалайды. Ол – әбден шіріп, тозығы жеткен құбырлар. Ескірген желілер қыста пәтерлерді жөнді жылытпайды екен.

Валентина Новиженная – «5 линия 4» ПИК төрайымы:

– Осы кооперативтің төрайымы болып тағайындалғаныма 8 айдай уақыт болды. Жұмысқа кіріскен кезде ауа райы салқын еді. Содан бері тұрғындардан үйіміз жылынбайды деген шағым естіп келемін. Арнайы мамандарды шақырып, құбырларды тексерттім. Нәтижесінде олардың шіріп, тіпті жарылайын деп тұрғанын естідім.

Осылайша қызылжарлықтар қыстан қиналып шығыпты. Ал жазда жағдайды өздері реттеуге кіріскен. Олар ақша жинап, ескі құбырларды жаңасына ауыстыруды шешкен екен. Шаруа өткен аптада басталыпты.

Бүгінде істің басым бөлігі атқарылыпты. Жертөледегі құбырлар 100 пайыз ауыстырылған. Тек енді ұсақ-түйек жұмысты тындыру қажет.

Одан соң тұрғындар қыстың қамын ойлауға кіріседі. Яғни, алдағы маусымда пәтерлерге жылу жетуі үшін, оқыс жағдай орын алмасы үшін құбырларды жуып-шаяды. Жерлестеріміз істі шілденің соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал, бүгінде қала бойынша мұндай шаруа 274 баспанада тындырылыпты.

Ерсайын Алиясов – Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:

– Петропавл бойынша 1090 үйге жылу беріледі. Қазір таңда олардың 4-тен 1-і ғана құбырларын тазартқызып, жылыту маусымына дайын екендіктерін дәлелдейтін паспорт алды. Қалғанында іс аяқталмады. Кейбірінде тіпті басталмады. Егер тамыз айының соңына дейін тиісті жұмыс атқарылмаса, бұл баспаналарға жылу уақытынан кеш берілетін болады.

Мамандардың сөзінше, жылу қыркүйектің соңында немесе қазан айынның басында беріледі. Жылудың қосылу ауа температурасына тікелей байланысты екен.

Маржан Қасымбек