Ауыл шаруашылығы

Жамбыл ауданында мал шаруашылығымен айналысатын нәзік жанды тұрады

Илюшка, Марта – табындағы әр сиырын Дарья Баева жатқа біледі. Сырт көзге қаланың кербез қызы мал ұстайды дегенге сену қиын. Алайда осымен үшінші жыл азаматша ірі қара баптап отыр.

Дарья Баева – кәсіпкер:

– 18-ші жылы “Бастау бизнес” жобасының курстарынан өттім. Сонда кәсіпкерліктің қыр сырын меңгеріп, “Игілік” бағдарламасы бойынша 4 млн теңгеге несие рәсімдеп, 14 бас қара мал алдым. Сондай-ақ, бағдарлама арқылы қол жеткізген грантқа шағын сауу аппаратын сатып алдым. Осылай ісімді бастап кеттім.

14 бас екі төлдеп, бүгінде жануарлардың саны 30-ға жеткен. “Неге мал шаруашылығы?” деген сұраққа Дашаның қатқан жауабы қарапайым: “өзіме ұнайды”. Одан қалды бұл кәсіп – аса табысты. Аналық ірі қаралар тәулігіне 100 литрдей сүт береді. Ақтың бір литрін бизнесвумен зауыттардың біріне 95 теңгеден өткізеді. Яғни, күніне – 9 500, ал аптасына 66 мың теңге пайда тауып отыр. Кіріс бұдан да мол болар еді.
Биылғы сауым көңіл қуантқанда.

Дарья Баева – кәсіпкер:

– Ыстықтан ба, әлде басқа себеп бар ма, білмеймін, әйтеуір сиырлар сүтті аздау беретін болды. 14 бастан таңертең – 50, кешке 50 литр аламын. Алғашқы екі жылда сауым бұдан әлдеқайда көп болатын. Ветеринарды шақырып едім, жемге тұз қос, дәреумендер бер деді. Айтқанын істедім, бірақ өзгеріс жоқ. Шығынға батып жатырмын деп айтпаймын, бірақ түсімнің молырақ болғанын қалар едім.

Тағы бір проблема – жұмысшы тапшылығы дейді Дарья. Бақташыны әрең дегенде тапқан, енді сауыншы керек. Күніне 2 сағаттық жұмыс үшін кәсіпкер айына 50 мың теңге, аз болса бұдан да көбірек төлеуге дайын. Бірақ, ешкім келмейді. Сондықтан, таңғы 6 мен кешкі 8-дерде сиырлардың жартысын кішігірім аппарат, ал қалған жартысын Дашаның өзі қолмен сауады.

Нәзікжанды қара малмен ғана шектеліп қалмаған. Табынның бір шетінде 5-6 бас қой жүр, ал қорада 30 шақты шошқа бар.

Дарья Баева – кәсіпкер:

– Шошқаларды сойып, етін сатамын. Өзіміздің Пресновка мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары алады. Тіпті, Петропавлдан да тұрақты клиенттерім бар.

Шаруашылық әсте шағын емес. Жұбайымның көмегінсіз іс өрге баспас еді дейді бизнесвумен. Айтпақшы ол да фермер, тек егіншілікпен айналысады. 500 га алқапқа биыл бидай мен майлы дақылдардың тұқымын сіңірген. Зайыбына жазда шөбін, күзде жемін өзі дайындап береді екен. Ірі қараға алынған кредитті қайтаруға әлі екі жылы бар, жуырда несиеге отбасы су жаңа “Белорус” тракторын да алған. Осы қарыздардың бәрінен құтылған соң, Дарья мына базаны жөндеп, қалыпқа келтіремін деп оқталып отыр. Оның сөзінше, мал шаруашылығымен айналысу үлкен еңбек, уақыт, шығын мен қажырлықты қажет етеді. Бірақ, азаматшаның кәсіптен бас тартатын ойы жоқ.

 

 

 

 

 

Саят Ермек