ТЖ

Құтқарушылар кезекті рет рейд өткізді

Қазір – карантин, өзен-көлдерге түсуге тыйым салынған. Алайда, бұл ережені елеп жатқандар шамалы. Бұған рейд барысында көз жеткіздік. Бір топ адам сәрсенбінің кешінде Есілдің рұқсат етілмеген жерінде шомылып жатыр. Кейбірі құтқарушылары көріп қаша жөнелді. Ал кейбірі мамандармен тілдесіп, өз наразылықтарын білдірді.

Бұл жер де шомылуға жабдықталмаған. Бірақ, мұнда да адамдар, мұнда да көпшілік демалып жатыр. Солардың бірі – Антон Толбин. Қала тұрғыны Есілдің жағасына 10 жасар ұлымен келіпті.

Антон Толбин – қала тұрғыны:

– Қазір – шіліңгір шілде, күн ыстық. Мұндай ауа райында шомылғымыз келеді. Сондықтан осындай жерлерге келіп, демаламыз. Жағажайларға барайық десек, жабық.

Талап – бәріне ортақ! Антон Толбин мен ұлыны ескерту жасалып, мәлімет арнайы базаға енгізілді. Егер жерлестеріміз қайта ереже бұзса,
әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, 2 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.

Қуат Махметов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

– Қала тұрғындар мен қонақтарына рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылуға болмайтыны ескерттік. Егер жағдай қайталанатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Мұндай рейдтер, ескертулер артық етпейді. Адам қауіпті біліп жүрсе, сақтанады, өзгелерді де құлаққағыс етеді. Өкінішке қарай, өңірімізде шомылу мауысымы басталғалы жауапкершілік танытпаған 8 адам су құрбаны болды. Олардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерлерде шомылыпты. Сондықтан өлкемізде рейд шаралары күшейтілген.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Соңғы жағдайларға, яғни, өлкемізде суға бату фактілерінің жиілеуіне байланысты өзен-көлдерде рейд шараларын күшейттік. Қатарымызда полиция қызметкерлері мен еріктілер де бар. Олар да тұрғындарға тиісті талаптарды түсіндіріп, жаднама қағаздар таратады. Бүгінге дейін 900 рейд өткіздік. Шара барысында ереже бұзған 201 адам жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, облыс орталығы маңында шомылуға рұқсат етілген 2 ресми су айдыны бар. Олар – Пестрое көлі мен қалалық жағажай.

 

 

 

 

Ешкенова Дана