Бизнес және экономика

СҚО-да «Бастау» жобасы бойынша 1 мыңдай адам курстан өтеді

Қаңтарда бескөлдік Александр ШОстактың арманы орындалды. Ол электр құралдары сатылатын дүкен ашты. Мұнда қажетті ұсақ-түйектің барлығы бар. Мысалы, розетка, фонарь, батарей, кабельдердің түр-түрі саудаланады. Келушілер осы жерден үйдің сәнін селтіретін аспа шамдарды да таба алады.

Александр Шостак – “Бастау” жобасының қатысушысы, Қызылжар ауданы:

– Мұндай дүкен ашу жоспарымды бұрыннан болды. Өйткені, дәл осындай сауда нүктесі күллі Қызылжар ауданында жоқ. Ісімді өрге домалатуға әкем мен досым көмектесті. Олар қандай заттар алу қажет, қайдан алу керектігін түсіндірді. Бағаны бекітуге де көмектесті. Қазір бізді көпшілік біледі. Қалаға бармай, іздегенін осы жерден табады.

Негізі Александр ШОстактың 2 дүкені бар. Бірінде – электр құралдары, екіншісінде тұрмыстық техникалар саудаланады. Жерлесіміз мұндай істі қалай бастады? Енді осыған тоқталайық. Азамат өткен жылдың қыркүйек айында «Бастау» жобасы аясында курстан өтіпті. Кейін, 505 мың теңгенің қайтарымсыз грантына жеңіп алған екен. Артынша несие де рәсімдепті.

Александр Шостак – “Бастау” жобасының қатысушысы, Қызылжар ауданы:

– Гранттың ақшасы дүкенді ашуға жеткізіксіз болды. Сондықтан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 6 пайыздық үстемақымен несие ресімдедім. Берілген 3 млн теңгені 3 жылда қайтарамын.

“Бастау” жобасы биыл да жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы оқыту курстары маусымның 10-ы мен 30-ы аралығында өтіпті.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Бірінші лекте 300-ге жуық адам білім алды. Оның ішінде 80-ге жуығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 6 пайыздық үстемеақымен шағын ниесе рәсімдеді. Тағы, 60-ы қайтарымсыз грантқа ие болды. Карантинге байланысты қазір сабақтар онлайн форматта өткізіліп жатыр.

Қазір екінші лек, яғни, 280-нен астам солтүстікқазақстандық кәсіби біліктіліктерін арттырып жатыр. Оқыту шілденің 9-ы күні басталыпты. Онлайн сабақтар осы айдың 29-на дейін жалғаспақ. Айта кетейік, биыл «Бастау» жобасы аясында 1 мыңға жуық адам білім алмақ.

 

Маржан Касымбек