Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 18 шақырым жылу желісі ауыстырылады

Бұл – №7 және №15 магистральдардың қилысқан тұсы. Қос желі перинаталдық орталық, облыстық аурухана, бой көтеріп жатқан университеттің жаңа корпусы маңындағы нысандар мен Черемушки ықшам ауданын жылумен қамтамасыз етеді. Құбырлар осыдан 40 жыл бұрын салыныпты. Әбден тозығы жеткендіктен 2019-да 4 мәрте апат орын алған. Салдарынан қалалықтар қақаған қыс ортасында жылусыз қалды. Магистральдардың жөнделіп жатқаны да сондықтан.

Андрей Калиничев – «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры:

-Екі магистраль бойынша жоспар 90 пайызға орындалды. 25 жылға шыдас беретін сапалы құбырларды салып жатырмыз. Қазір учаскеде 40 адам мен 20 бірлік техника жұмыс істеуде. Құрылыс материалдарын алдын ала сатып алып, жеткіздік. Мердігердің жұмысына күнделікті мониторинг жүргіземіз. Желілерді ауыстыру ісі қауырт маусымға дейін толығымен аяқталады.

Жаңғырту жұмыстарынан кейін каланың орталық бөлігін жылумен қамту мәселесі толығымен шешіледі. Яғни, апаттық жағдайлар орын алмайды, сапа жақсарады. Әрі бой көтеріп жатқан жаңа баспаналар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды осы магистральға қосу мүмкіндігі пайда болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 3 жылға созылған үлкен жоба биыл аяқталады. Қаланың ескі үйлерінің орнына, жаңа нысандар салып жатырмыз. Оны салу үшін инфрақұрылым керек. Сондықтан, 2017-де осы жобаны бастадық.

Жылуды тарату қуаттылығын арттыру үшін желілерді ауыстыру аздық етеді. Жылу электр станциясындағы қондырғыларды да жаңарту қажет. Монополистер бүгінде 4 қазандық пен 3 турбинаны жөндеуден өткізіпті. Енді жарық мәселесіне ауысайық. Биыл кәсіпорын 6-шы трансформаторды ауыстырған. Бұл өңір мен шаһар тұрғындарын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан бөлек…

Игорь Татаров – «СевКазЭнерго» АҚ бас директоры:

– Трансформаторға жұмсалатын қаржыны 2 пайызға қысқарттық. Яғни, қазір күніне 1 млн теңге көлемінде ақша үнемделеді. Қондырғының құны 300 миллионның шамасында. Келесі жылы №7-інші трансформаторды ауыстыруды жоспарлап отырмыз.

Қысқасы – монополистер қауырт маусымға сақадай-сай. Ендігі кезек – бюджеттік ұйымдар мен тұрғындардың өзінде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуы 51 пайызды құрайды. Халықтың қамтылуы 20 пайыз көлемінде. Қажеттілік 380 мың тоннаны құрайды. Бүгінде 90 мың тонна көмір бар.

Көмір қалада және аудан орталықтарында жеткілікті. Сондықтан, қауырт маусымға дайындықты суықтың келуін күтпей қазірден-ақ бастау қажет. Сонда жетіспеушілік те, теміржол тұйықтарында ұзын-сонар кезек те болмайды. Айта кеткен жөн, өлкемізде қара отынның бағасы соңғы екі жыл ішінде бір тиынға да көтерілмеген.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова