МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің орынбасары тікелей эфирде тұрғындармен тілдесті

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов тікелей эфирде солтүстікқазақстандықтармен тілдесті.

Диалог “sko_news” инстаграм парақшасында жүргізілді. Әңгіме барысында Ғани Сақтағанұлы өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға, індетке қарсы қолданылып жатқан шараларға тоқталды. Кейін, келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Ағайыннан жолданған сауалдардың басым бөлігі дәрі-дәрмек қорына, карантин кезінде төленетін жәрдемақыға қатысты болды. Атқамінердің сөзінше, қазір өлкемізде препарат жеткілікті.

Сауда нүктелері қажетті дүниелермен қамтылыпты. Бүгінде мемлекет тарапынан 42 500 теңге де беріліп жатыр. Оған белгілі бір санатқа енген жандар автоматты түрде қол жеткізеді. Жерлестеріміз дәрігерлерге уәде етілген үстемақының не себепті төленбей жатқанын да сұрады. Бұл түйткілді мәселені аймақ жетекшісінің орынбасары жеке бақылауына алатындығын жеткізді. Тағы, тікелей эфирде Ғани Нығметов солтүстікқазақстандықтарды қиын-қыстау шақта сабырлық сақтап, түсіністік танытуға шақырды. Ертеңнен бастап карантин талаптарының күшейтілетінін де ескертті. Шектеу шаралардың барлығы тұрғындардың өмірі, денсаулығы үшін қолға алынған.

 

Ешкенова Дана