Денсаулық сақтау

Медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу жалғасуда

Саят Ермек – тілші:

– Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы күреске 53 мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылған. Жалақыдан бөлек, оларға наурыз айынан бері қосымша үстемеақы төленуде. Бүгінде ел бойынша мамандарға аударылған қаражаттың жалпы сомасы – 35 млрд 700 млн теңгені құрады. Ақша Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бағытталуда.

– Еске сала кетейік, инфекциялық стационарларда індет жұқтырған пациенттермен тікелей жұмыс жасайтын медицина қызметкерлерінің жалақысына ай сайын 850 мың теңге қосылады. Ал провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметіндегі мамандарға қосымша 425 мың теңге қарастырылған. Карантиндік стационарларда, вирусты анықтайтын зертханалар мен блокбекеттерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау қызметкерлері 212,5 мың теңге үстемеақы алады.

Ал енді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сандарды сөйлетейік. Бүгінде өлкеде тәжді вируспен 1200 медицина қызметкері күресуде. Соңғы 4 айда оларға шамамен 570 млн теңге төленген.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы:

– Бұл үстемеақы маусым айы үшін 100 пайыз төленді. Шілде айы үшін қаражатты медицина қызметкерлері тамыз айының 10-шы жұлдызына дейін алатын болады.

Облыста COVID-19-бен күреске жұмылдырылған мамандардың саны біршама артқан. Наурыз айында 500-ге де жетпесе, қазір екі жарым есеге көп. Бұған қарамастан төлемдерді аудару бойынша еш кідіріс жоқ деп сендірді жауаптылар. Айта кеткен жөн, төлем алушы мамандардың тізімін медициналық мекемелердің бас дәрігерлері береді. Табельдерді алдымен жергілікті денсаулық сақтау басқармасы, кейін өңірлік штаб тексереді. Бәрі қатаң бақылауда болғанымен, қателіктердің орын алуы да ғажап емес.

Лариса Гордеева – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Егер де қандай да бір себептермен медициналық қызметкерлер үстемеақы алмаса немесе қаражат толық көлемде түспесе, олардан облыстық штаб немесе денсаулық сақтау басқармасына жүгінуді сұраймыз. Әлеуметтік желілерде жариялап, басы артық шу шығарудың қажеті жоқ. Жауапты органдар шағымды қабылдап, тізімдерді тағы бір пысықтайды.

Медициналық сақтандыру қоры үстемеақы төлеумен қатар, жайылған инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлардың барлығын қаржыландырады. Бұл емдеу орындарына соңғы 4 ай ішінде 826 млн теңге бағытталған. Жұмсалған сома өлке бойынша төсек-орындардың санын біршама арттыруға мүмкіндік берді. Қазір тапшылық жоқ.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы:

– Инфекциялық ауруханаларда бізде 480 төсек-орын бар, яғни бір уақытта сонша адам емделе алады. Провизорлық және инфекциялық 90 реанимациялық орын бар.

Саят Ермек – тілші:

– Ал провизорлық стационарлардағы төсек-орындардың жалпы саны бүгінде 1600-ден асады. Карантиндік емдеу орындарында 200 шақты кереует бар. Бұл әзірге жеткілікті. 21-і күнгі мәлімет бойынша наурыз бен шілде аралығында біздегі барлық стационарларда 9 мыңға жуық адам ем алып шыққан.

 

 

 

Саят Ермек