Білім

Биыл мектептерде алғашқы қоңырау сыңғырламайды

Қыркүйектің 1-і отандық мектептерде алғашқы қоңырау үні естілмейді. Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетов бұл күні елімізде дәстүрге айналған салтанатты жиындардың өтпейтінін мәлімдеді.

Бас педагогтың сөзінше, жаңа оқу жылын балалар қашықтықтан бастайды. Сондықтан, қалыптасқан эпидахуалда оларды жинау – қисынсыз. Сондай-ақ министр мектептерде 2021-ші жылға дейін бұқаралық шараларды өткізбеуге кеңес берді және жағдайдың жақсаруына қарай оқыту процессінің біртіндеп дәстүрлі режимге көшетінін айтты. Ал өзінің “Facebook” желісіндегі парақшасында министр келесі оқу жылында мектеп бағдарламасына “Әліппе” мен “Ана тілі”-нің қайта оралатынын хабарлады. Яғни, ұл-қыздар бірінші сыныпта меңгеретін “Сауат ашудың” орнын аталған пәндер баспақ. “Әліппе” оқулығы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалмақ. Балалар оқу жылының алғашқы 2 тоқсанында – “Әліппе”, ал қалған 2 тоқсанда “Ана тілін” оқитын болады. Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр екен.

Асхат Аймағамбетов – ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған “Әліппе” оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда.

 

Саят Ермек