Білім

Жас Өркендегі жаңа мектептің құрылысы аяқталуда

Мектептің жалпы аумағы 12 200 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 3 блокқа бөлінген. Оң жағы – кішкентай ұл-қыздардың жеке әлемі десе де болады. Екі қабатында тек бастауыш сыныптарға арналған кабинеттер орналасқан. Үзілісте кітап алып, жаңа деректермен танысқысы келетін оқушылар үшін кішігірім кітапхана да қарастырылыпты.

Алексей Галкин – «Севимстальком» ЖШС учаске бастығы:

– Бұл – даярлық тобына арналған сынып. Парталар мен орындықтар бүлдіршіндерге арналғандықтан – кішкентай. Шкафтар мен тақтаны орнаттық. Лед экранды да іліп қойдық. Кабинеттердің барлығы дайын. Әзірге тек компьютерлерді іске қосқан жоқпыз. Техника қоймада сақтаулы тұр. Мектепті тапсырар кезде заман игілігін орнатамыз.

Әр оқушының арманына айналған шкафтар да бар мұнда. Киім-кешек пен кітаптарды бір кабинеттен екіншісіне тасымай, дәл осы жерде қалдыруға болады. Орта және жоғарғы буынға арналған блок та осындай. Әрине, кабинет сандары едәуір көп. Әрі ғылыми жұмыспен айналысып, тәжірибе жасауға арналған зертханалар да бар. Ұл-қыздардың шығармашылығын дамытып, қолөнерге баулуға да білім ошағында ден қойылмақ. Мектепте технология сабағын өткізуге 4 бірдей кабинет бөлінген. Бірінде оқушылар тоқыма тоқып, киім тіксе, екіншісінде тамақ пісіріп, шырын әзірлеуді үйренеді. Балшықтан қыш-құмыра жасап, ағаш өңдеу ісін де меңгеруге мүмкіндік қарастырылған. Ал, нысанның орта бөлігінде – асхана, кітапхана, акт залы мен спортзал. Соңғысының аумағы 600 шаршы метрден асады.

Алексей Галкин – «Севимстальком» ЖШС учаске бастығы:

– Мектептің құрылысын 2017-ші жылы бастадық. Жоспар бойынша былтыр тапсыруымыз керек еді. Бірақ, спортзалды аяқтап үлгермедік. Тағы бірқатар ескертулер болды. Кемшіліктерді түзедік. Қазір нысанның қасбетін бояп, аббаттандыру жұмыстарын жүргізудеміз.

Мектептің жалпы аумағы 6 гектарды құрайды. Нысанның артқы бөлігі спортпен шұғылдануға арналған. Мұнда волейбол, баскетбол мен футбол алаңдары орын теуіпті. Соңғысына көпжылдық табиғи газон төселген. Аулада балалардың ойын алаңқайы да бар. Қазір аумаққа асфальт төсеп, ғимараттың қасбетін бояу қажет. Білім ошағының ішкі әрлеу жұмыстары да әлі толық бітпеген. Шаруаның барлығын мердігер 9 күннің ішінде аяқтаймын деп отыр. Оқу ұясы қолданысқа тапсырылғаннан оған Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің 600-ден аса оқушысы мен 7-ші мектептің қазақ тілді сыныптарының 237 ұл-қызы көшірілетін болады.

 

 

Эльмира Садвокасова