Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жұма, сенбі, жексенбі карантин күшейтіледі

Өңір бойынша науқастардың жалпы саны 2352-ны құрап отыр. Өкінішке қарай, 8 жерлесіміз ковид-19-дың кесірінен көз жұмды. Емдеу мекемелерінде дәл қазір өмірі үшін күресіп жатқандар қаншама. Сондықтан, билік алдағы жұма, сенбі және жексенбі мен шілденің 31-інен тамыздың 3-іне дейінгі аралықта карантин режимін одан бетер қатаңдатпақ. Кеше өлкенің бас санитарлық дәрігерінің кезекті қаулысы шықты.

Әсет Жұматаев – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Көршілердің, таныстардың, туыстардың, әріптестердің келуін шектеу қажет. Тұрғылықты жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Облыс бойынша және елді мекендер ішінде, жаяу және көлікте жүруге шектеу қойылады.

Бұл шектеулерге етіміз үйренді. Бірақ, тойшыл қауымға талапты қайталаудан жалықпаспыз. Науқастардың дені инфекцияны туған күнді атап өтіп, қыз ұзатып жүріп жұқтырды емес пе?! Мұндай бассыздыққа жол берілмеуі тиіс. Үйден тек жұмысқа, қажет болса аурухана-емханаларға, жақын маңдағы дүкен-дәріханаларға бару үшін шығуға болады. Үй жануарларын да баяғыша аулада ғана серуендетуге рұқсат. Ал енді жаңа ережелер.

Әсет Жұматаев – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

 – Келесі нысандардың жұмысы тоқтатылады: жазғы алаңдары бар ашық ауада жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану нысандары, тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сататын бөлшеу сауда орындарын қоспағанда барлық сауда нысандары.

Саябақта қыдырып, өзен-көлдің жағасына барып таза ауада тыныстауға да болмайды. Яғни, жақсы ауа райынында қала сыртында тынығамын дегендерге де эпидахуалдың жақсаруын күту қажет. Жұма, сенбі, жексенбі туристік база мен демалыс үйлерінің жұмысы тоқтатылады. Өзгерістер қоғамдық көліктерге де қатысты.

Дастан Қазиев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісі:

– Қала аумағындағы қоғамдық көліктер 22 бағытта жолаушыларды тасымалдайды. Сенбі, жексенбі автобустардың жұмысы толығымен тоқтатылады. Саяжайшыларды апаратын маршруттар да демалыс күндері жүрмейді.

Бірақ, бұл – саяжайға баруға болмайды деген сөз емес. Тұрғындар жазғы үйлеріне жеке көліктерімен жете алады.