ҚоғамҚұрылыс

Вокзал маңындағы жатақхана жөнделіп жатыр

Ружейников көшесі бойында орналасқан мына жатақхана өткен ғасырдың ортасында тұрғызылған. Содан бері жөнді жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Тек былтырдан, яғни, әбден ескірген ғимаратты “Ресей темір жолдары” қалалық әкімдік балансына өткізгеннен кейін, мардымды шаруа бастау алған. Қазір бұл жатаханада темір жол қызметкерлері мен өзге де петропавлдықтар тұрады.

Ақбала Бажикенова – қала тұрғыны:

– Мен жатақханаға ұлыммен бірге 20 жыл бұрын көшіп келдім. Бертінге дейін жөндеу жүргізілгенін байқамадық. Күн суыған кезде бөлмелерді жылыту мүмкін емес. Ал жазда нысан іші ыстық болып тұрады. Тағатымыз таусылған соң, қалалық әкімдікке шағым білдірдік. Ондағы мамандар мәселені қолға алды.

Көпті күттірген жөндеу жұмыстары өткен жылдың жазында бастау алған. Былтыр ғимараттың су құбырлары мен электр сымдары жаңартылыпты. Ал биыл шұрық-тесік шатыры ауыстырылған екен.

Іс шатырмен шектелмеген. Қазір мамандар ескі ағаш терезелерді жаңасына ауыстыруда. Пластик терезелер – берік, суық өткізбейді.

Жамболат Ташетов – «Жилищная служба» ЖШС бас инженері:

– Қазіргі уақытта жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Қазір мұнда 20 шақты адам жұмыс атқарып жатыр. Жұмыс маусымның 2-сі басталды.

Қызметкерлер терезелерді 1 аптаның ішінде ауыстырмақ. Одан соң, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұрған, екі бірдей подъезді жөндемек. Ғимараттың жанындағы ескі ағаштар да кесілетін болады.

 

 

 

 

Маржан Касымбек