МТРА жаңалықтары

Отандастарымызға 42 500 теңге тағайындалуда

Саят Ермек – тілші:

– Карантин тамыздың 3-іне дейін ұзартылды. Шектеулерге байланысты табысынан айырылғандарға шілде айы үшін мемлекет тағы да 42500 теңге төлеп жатыр. Бұл – Қазақстандағы минималды жалақы мөлшері. Бұқараның көкейіндегі басты сұрақ – бірреттік бұл жәрдемақыдан кімдер үмітті? Мұны осыдан бірнеше күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кезекті мәрте түсіндіріп берген еді. Тағы бір тыңдайық.

Біржан Нұрымбетов – ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

 – Жалдамалы жұмыскерлерге беріледі, егер де олар шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген болса. Бұл жерде өтінішті тек жұмыс берушісі береді. Екіншіден, бұл – жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар. Бұл кісілер тапсырысты өздері береді. Үшінші санат – бұл азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жүрген азаматтар, яғни фрилансерлер. Олар да өздері өтініш берулері тиіс. Соңғы санат – өз бетінше жұмыс істеп жүрген азаматтар. Егер де шектеулерге байланысты олардың жұмысы тоқтап қалса, 42 500 теңгені алуға болады. Бұл жолы БЖТ төлеудің қажеті жоқ.

– Қаржылай қолдауға өтініш берудің 3 жолы бар. Алғашқы екеуі – 42500.enbek.kz және еgov.kz порталдары. Тағы бір еске салайық, жалдамалы еңбеккерлері үшін өтінішті жұмыс берушінің өзі беруі тиіс. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жеке тұлғалар үшін тelegram-боттар жұмыс істейді.

Көктемдегі төтенше жағдай кезінде төлем тағайындалға азаматтарға арнайы SMS хабарлама жіберіледі. Ондағы “Жәрдемақы қажет пе?” деген мазмұндағы сауалға табысынан айырылғандар “иә” деп жауап берулері тиіс. Қаражат тексерістен кейін автоматты түрде аударылады, яғни өтініш берудің қажеті жоқ.

Ринат Елжасов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

 – Тұрғындар төлем алу үшін туған-туысқандарымыздың банктік есепшот нөмірін беруге болады ма деген сауалды жиі қояды. Болмайды! Азамат міндетті түрде өзінің жеке шотының нөмірін жазуы тиіс.

Ендігі сұрақ – 42500 кімдерге төленбейді? Ең алдымен, карантинге қарамастан жұмыс істеп жүргендерге. Сондай-ақ, АӘК, мемлекеттік жәрдемақы алатындар мен зейнеткерлерге де төлем қарастырылмаған. Бұл тізімге студенттер мен декреттік демалыстағы аналар да енеді. Алайда, олар министр жоғарыда атаған санаттарға кірсе, өтініштері мақұлданбақ. Ал ақылы еңбек демалысында немесе “больничныйда” отырғандарға, жалақысы қысқарғандар мен жұмыссыздарға қаржылай қолдаудан тіпті үміттенбеген жөн. Неге?

Анар Жүнісова – “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– Карантинге дейін жұмысынан шығып кеткен азаматтарға бөлек жәрдемақы беріледі. Ол 6 ай бойы төленеді. Жұмыссыздарға ай сайын соңғы 2 жылда алған айлығының 40 пайызы аударылып отырады. Ал уақытша еңбекке жарамсыздық демалысындағыларға төлемді жұмыс беруші жасауы тиіс.

Шенеуніктер жұмыс берушілерден жоғары жауапкершілік танытып, табыссыз үйде отырған еңбеккерлері үшін өтініш беруді сұрайды. Өйтпесе, жұмысшылар еңбек инспекциясының өңірлік басқармасына шағым түсіре алады.

Саят Ермек – тілші:

– Бүгінге дейін облыс бойынша жұмыс берушілер тарапынан 4400-ден астам еңбеккер үшін 3330 өтініш түскен. Әзірге олардың 70 пайызы қарастырылып, 1100-і мақұлданыпты. Айта кеткен жөн, 42 500 теңге алуға өтініштер шілденің 19-ы қабылдана бастады және қыркүйектің біріне дейін жалғаспақ.

Саят Ермек