Құқық қорғау органдары

Мотоцикл жүргізушілері жауапкершілікке тартылды

Жаз келіп, күн ысығалы мотоцикл жүргізушілерін жиі көретін болдық. Әсіресе, кешкі-түнгі уақытта олар әрлі-берлі зуылдап, жұртшылықтың мазасын алуда. Жақында төзімі таусылған қалалықтар полицейлерге шағымданыпты. Мамандар мәселені бірден қолға алып, рейд өткізуде. Нәтижесінде тәртіп бұзған 23 адам анықталды.

Жанағы 23 жүргізушінің 7-і жауапкершілікке тартылды. Олар 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалады. Тағы, полицейлер рейд барысында жүргізу құжатынсыз қос дөңгелекті көлік басқарған адамдарды да анықтапты.

Өмірсерік Оразғали – Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:

– Әлеуметтік желілерде мотоцикл жүргізушілері қала тыныштығын бұзуға байланысты шағым келіп түскен болатын. Осыған байланысты Петропавл қаласы мен Бескөл ауылында патрульдік полиция қызметкерлерімен рейд өткізілді. Нәтижесінде техникалық байқаудан өткізілмеген және құжаттарсыз көлік басқарғаны үшін 3 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Жамбыл көшесіне түнгі сағат 22.00-ден таңғы 7-ге дейін жүруге тыйым салатын 22 жол белгісі орнатылды.

Жалпы, алты айда облыс аумағында 80 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 12 адам көз жұмып, 108-і түрлі дене жарақатын алыпты. Сондай-ақ, жол жүру ережелерін бұзған 20 895 факті анықталыпты.

 

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек