Мәдениет

“Әлем мойындаған Абай” көрмесі

Ғылым таппай мақтанба! Абай Құнанбаев өмірінің соңына дейін адамдарды білім алуға, қолөнер үйренуге шақырды. Ғұламаның сөзінше, жиып-терген мал-мүлкің жұтайды, өнер жұтамайды. Биыл – артынан өлмейтұғын осындай сөз қалдырған ұлы ақынның туғанына 175 жыл. Мрейтойына орай облыстық кітапхана ұжымы онлайн көрме өткізіп жатыр.

Жанат Мұхамеджанов – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметшісі:

 – Жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай әлемі және 21 ғасыр» атты мақаласы жарық көрген болатын. Соның аясында ұлы ақынның шығармаларын терең зерттеу үшін кітаптар көрмесін ұйымдастырып отырмыз.

Көрмеге 10 кітап қойылған. Оларды оқи отыра қазақ халқының ұлттық болмысымен, өткенімен танысып, рухани азық алуға болады. Айта кету қажет, бұл баға жетпес құнды туындылар бірнеше тілге аударылыпты.

Жанат Мұхамеджанов – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметшісі:

 – Абайды әлемдік деңгейде таныту мақсатында кітаптар француз, неміс, ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде басылып отыр. Роллан Сейсенбаевтың баспасынан шыққан кітаптарды оқырмандарға таныстырып жатырмыз. Еңбектерде адамгершілік тақырыбында құнды дүниелер жазылған.

Кітаптарды карантин аяқталғасын С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханаға барып, оқуға болады. Немесе қара шаңырақтың әлеуметтік желілердегі парақшаларына кіріп, қысқаша ақпаратпен танысуға мүмкіндік бар.

Маржан Касымбек