Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер қорытындыланды

Алдымен Бекшенов мырза облыстағы сүтті мал шаруашылығына тоқталды. Оның сөзінше, бүгінде өңірдегі 80-нен астам шаруашылық ақ өндірумен айналысады. Артта қалған 6 айдың ішінде олар 150 мың тоннаға жақын өнім шығарыпты. Кәсіпорындардың – 18-і заманауи. 7-еуі соңғы 2 жылда тұрғызылған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша биыл тағы 10 кешен салынады. Қазір бұл бағытта қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жобаларды жүзеге асыруға 14 млрд теңгеден аса инвестиция құйылады. Заманауи нысандар толық қуатта жұмыс істеген кезде қосымша 30 мың тоннадан астам сүт өндірілмек. Бұдан бөлек, 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Сүт өндірісінің жайы түсінікті. Енді өңдеу өнеркәсібіне ойысайық. Бүгінде өлкемізде сүт өңдейтін 14 кәсіпорын бар. 2019 жылы олардың жүктемесі 91% құрапты. Биыл бұл көрсеткіш біршама артқан.

Енді қамту көрсеткіші жайлы баяндайық. Өңірде сүт және сүт өнімдері жеткілікті деп айтқанмын, тұтынатынн сүзбенің 10% және ірімшіктің 34% импорттайды екенбіз. Сондықтан бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған дәлел – Ғ.Мүсірепов ауданындағы “Перлини” жеке кәсіпкерлігі. Наурызда іске қосылған кәсіпорын айына мың келі қатты және жұмсақ ірімшік өңдеп, саудаға шығарады. Алдағы уақытта мұндай өндіріс ошағын Айыртаудағы “Тезис” серіктестігі ашпақ. Ондағы 1 тәуліктегі қуаттылық 10 тоннаны құрайтын болады.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Сондай-ақ, Петропавл қаласындағы “Масло Дел” серіктестігінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұның нәтижесінде қосымша желілер пайда болады. Іс ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Осылайша кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 32 мың тоннаға артпақ.

2020-да аққайыңдар өлкесіне Ресей мен Еуропа елдерінен 5 мың бас асыл тұқымды ірі қара әкелінбек. Оның 966-сы жеткізіліпті. Араларында етті бағыттағы төрт аяқтылар да бар. Осы орайда ет өндіру ісіне тоқталайық. Былтыр аймақта 97 мың тонна өнім өндіріліпті. Биыл бұл көрсеткіш 102 мың тоннаға жетпек.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Етті мал шаруашылығын дамыту үшін Қызылжар ауданында мың басқа арналған ферма тұрғызылуда. Сондай-ақ, биыл облыста 3 ірі бордақылау алаңы салынбақ. Олар Айыртау, Уәлиханов және Ақжар ауданында болады. Фермалардың сыйымдылығы 10 және 3 мың басты құрамақ.

Үстіміздегі жылы Петропавл қаласындағы “Петропавл бройлер” серіктестігі де жаңа құс фабрикасының құрылысын бастамақ. Қазіргі уақытта жер телімі бөлініп, оны рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

 

 

 

 

Ешкенова Дана