МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін

Жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға өзгерістер енгізілуі ғажап емес. Жауапты агенттік оның жаңа редакциясында аса ауыр қылмыстар үшін айыппұлдарды мүлде алып тастау керек деп санайды. Яғни, үлкен көлемде пара алған немесе ақша жымқырғандарды тек темір торға тоғыту ұсынылып отыр. Осы және өзге де жаңашылдықтарды бүгін жемқорлыққа қарсы жергілікті департамент өкілдері түсіндіріп берді.

Саят Ермек – тілші:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” заң Қазақстанда 2015-те қабылданған еді. Араға 5 жыл салып “Антикор” оған бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Агенттік парамен ұсталған судьялар, құқық қорғаушылар мен басқа да мемлекеттік қызметшілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдату керек деп санайды. Тағы аса ауыр жемқорлық қылмыстары үшін айыппұл салу жазасы мүлде алынып тасталуы тиіс деген пікірде. Яғни, бас бостандығынан айыру санкциясы ғана қалуы керек.

Бармақ басты көз қыстылықтың салдары емес, себептерімен күресу үшін агенттік “Integrity check” институтын құруды ұсынады. Яғни, шенділердің парасаттылығын жемқорлық жағдайларын модельдеу арқылы тексеру. Қарапайым тілмен айтқанда, құқық қорғау және қадағалаушы органдарда қызмет ететін лауазымды тұлғаға кез-келген уақытта жасырын “елші” жіберілуі мүмкін.

Нұрлан Жахин – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

Ол лауазымды тұлғаға қызмет үшін пара ұсынады. Егер де екінші тарап бірден келісіп, ақша алуға құлық танытса, ол 3 жылға мемлекеттік қызметке оралу құқығынсыз жұмыстан босатылады.

Саят Ермек – тілші:

– Заңның жаңа редакциясында түрлі деңгейдегі шенеуніктерге, одан қалды олардың жұбайлары мен кәмелетке толмаған балаларына шетелдік банкерде шот ашуға тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ, агенттік параны ұсыну мен пара беру ұсынысын қабылдау фактілерін де криминализациялау керек деп санайды.

Нұрлан Жахин – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

Қандай да бір іс үшін пара беруді ұсыну да, пара берушінің ұсынысын қабылдау да құқықбұзушылық болып саналады.

Ол-ол ма, “Антикор” “жемқорлық” ұғымының қолданылу аясын кеңейтуді де ұсынып отыр. Бүгінде бұл термин тек мемлекеттік және квазимемсекторда ғана қолданылады. Ал, коммерциялық банктер мен табиғи монополиялардың субъектілері назардан тыс қалған. Егер мұнда да парақорлық фактілері тіркелсе, жемқорлар заң бойынша жауап беруі тиіс. Одан бөлек, түрлі салада қоғамдық бақылау жүргізіп жатқан мониторингілік топтардың жұмысын заңмен бекіткен абзал. Өйткені, олардың ұсынымдары кей жағдайларда ескерілмей жатады.

Нұрлан Жахин – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары :

Жолдарға, құрылысқа және басқа да салаларға қатысты сыбайлас жемқорлық көріністеріне олар сырттай ғана мониторинг жасай алады, өйткені бұл тексеріс емес. Сондықтан да қазіргі уақытта қоғам өкілдерінің жұмысы одан бетер тиімді болуы үшін агенттік заңға нақты өзгерістер енгізбекші. Қоғам өкілдерінің ұсыныстары міндетті түрде орындалуы тиіс деген сияқты мәселе көтеріліп отыр.

Агенттік ұсынған тағы бір бастама – парақорлық туралы хабар берген адамды қорғаудың кешенді жүйесін жасау. Мұндай жүйе дамыған елдерде баяғыдан бері бар. Яғни, “бәленше пара алды” деп құлағдар еткен азаматтың анонимдігін сақтап, өмірі мен денсаулығын мемлекет қорғауға алуы тиіс. Сонда мұндай хабарламалардың саны біршама артпақ, ал манағы тұлға жемқор кейін ізіме түсіп, қысым көрсетеді деп үрейленбейтін болады.

Саят Ермек:

– Айта кеткен жөн, бұл жаңашылдықтар бүгінде “Ашық нормативтік-құқықтық актілер” порталы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтында жарияланып, бұқараның талқысына ұсынылды. Заңдағы өзгертулерге қатысты азаматтардың өтініш-тілектері ескеріліп, жаңа концепция тағы бір пысықталатын болады. Кейін Парламентке таныстырылмақ.

Саят Ермек