Денсаулық сақтау

Облыстық көпбейінді ауруханаға гуманитарлық көмек жеткізілді

Жергілікті «Есиль-Диагностик» серіктестігі облыстық көпбейінді ауруханаға 35 дана калидавир дәрісін табыстады. Аталған препарат 1 млн теңгеге Ресейден әкелініпті. Ол тәжді вируспен қоса, өзге де ауруларды ауыздықтауға көмектеседі екен.

Облыстық көпбейінді аурухана 440 орынға шақталған. Қазір мұнда осынша адам ем алып жатыр. Науқастардың бірі дертінен айғып шықса, екіншісі сол сәтте-ақ түседі екен. Сондықтан дәрі-дәрмек қоры азайыпты. Алайда, бұл мәселе біраз уақытқа шешілді деуге болады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші бүгін ауруханаға жергілікті «Есиль-Диагностик» серіктестігінің өкілдері қажетті препараттарды әкеліп берді.

35 дана калидавир. Бұл дәрі тәжді вирусты ғана емес, туберкулез, пневмония, АИТВ сынды қауіпті ауруларды емдеуде көмектеседі. Яғни, науқастардың иммунитетін көтеріп, тыныс жолдарының физиологиялық қалпын жақсартып, бауырды тазалайды екен.

Зәуреш Шайхеслямова – облыстық көпбейінді аурухананың дәріхана меңгерушісі:

– Көмектеріңізге рахмет. Аурулар келіп жатыр. Барлығын қарсы алып жатырмыз. Жарты жылдық дәрі-дәрмек науқастарға берілді.

«Есиль-Диагностик» серіктестігі дәрілерді көршілес Ресей елінен арнайы тапсырыспен алдыртыпты. Ол үшін 1 млн теңге жұмсалған.

Александр Рылов – «Есиль-Диагностик» ЖШС офтальмологиялық орталығының директоры:

– Қазір Ресей елі ауыр хәлде жатқан науқастарды осы дәрілермен емдеуде. Біз зерттеу жұмысын жүргізіп көрдік. Нәтижесі көңіл қуантқан соң, бірден осы препараттарға тапсырыс бердік. Жерлестеріміз дәрінің көмегімен аурудан құлан-таза айығады деп сенеміз. Ол үшін қолдан келгеннің барлығын істеуге дайынбыз.

Айта кетейік, бұл – кәсіпкер көрсеткен алғашқы көмек емес. Солтүстікқазақстандық осыған дейін де №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне қорғаныс құралдарын сатып алып беріпті.

Маржан Қасымбек