Денсаулық сақтауҚұқық қорғау органдары

Қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы – қатаң бақылауда

Санитарлар мен полиция қызметкерлері бірлесе Петропавлдағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын қатаң бақылауда. Мамандар күн сайын 30-ға жуық дәмхананы тексереді. Бүгінге дейін олар 200-ден астам нысанға бас сұғып, карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаудың 5 фактісін анықтаған.

Мына видео жуырда Қарағанды қаласында түсірілді. Түнгі клубта ішімдікке тойып алған демалушылар мен тәртіп сақшылары жаға жыртысып жатыр. Алғашқылары қазір елімізде карантин екенін ұмытып кеткен сияқты. Немесе ережені мүлде елемейтін сыңайлы.

Енді өңірдегі жағдайды баяндайық. Бұл суреттер ашық аспан астында орналасқан облыс орталығындағы дәмханаларындың бірінде түсірілген.Мұнда арнайы құрылған мобильдік топ карантин талаптарының қаншалықты орындалып жатқанын тексеруде. Яғни, арақашықтықтың сақталуын, сантайзерлердің бар-жоғын, қызмет көрсетуші персоналдың тиісті құралдармен қамтылуын бақылауда.

Айгерим Иргибаева – Петропавл қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:

– Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп күнде рейд жүргізеді. Шара барысында тамақтану орындары, ашық аспан астындағы дәмханалар, дүкендер тексеріледі.

Петропавлда құрылған арнай мониторингілік топ өкілдері күніне 30-ға жуық дәмхананы тексереді. Соңғы екі жұманың ішінде мамандар облыс орталығындағы 200-ден аса нысанда болыпты. Нәтижесінде 5 бірдей дәмханада заңбұзушылық фактілері анықталған екен.

Айгерим Иргибаева – Петропавл қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:

– Әлеуметтік арақашықтық сақталмайды, қызметкерлердің дене қызу тексерілмейді. Барлық айқындалған бұзушылықтар бойынша тұлғалар мен кәсіпкерлер 425-бабтың 1-ші бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта материалдар жиналып жатыр.

Осы жерде айта кетейік, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – 30, кәсіпкерлік субъектілеріне 230 АЕК көлмінде айыппұл салынады. Мамандардың сөзінше, бүгінде адамдар көп шоғырланатын жерлер – қатаң бақылауда. Мұндай тексерістер карантин аяқталғанша жалғаспақ.

Дана  Ешкенова