Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мектептердегі 4 мың компьютерді жаңарту керек

Өңір мектептерінде қашықтықтан білім беруге арналған 16 мың компьютер бар. Олардың 4 мыңы әбден ескірген. Яғни, интернет порталдарды жүктеп, онлайн форматта оқытуға шамасы жетпейді. Бүгін техниканы жаңарту мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Заман игілігін үнемделген бюджет қаражатынан алу қажет. Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов облыстық әкімдік отырысында айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Карантин және шектеу шаралары балаларды оқытуға өзгеріс енгізіп жатыр. Біз үшін сынақ болды. Бірақ, ҰБТ-ны ойдағыдай өткіздік. Биыл сынаққа оқушылардың 71,5 пайызы қатысты. 2017 жылдан бері бұл ең жоғарғы көрсеткіш. 2017-де оқушылардың 60 проценті қатысты.

Сынақ барлық талапқа сай өтті. Ережені елемей, қулықтарын асырамын дегендер бірден аудиториядан қуылды. 11 жылдық білімін телефонымен дәлелдемек болған 9 түлектің нәтижесі нөлге теңестіріліпті. Ал, өзгелері тиісті ұпайларын өз күштерімен алып шықты. Облыстағы орташа ұпай – 69,7-ні құраған. Бұл тіпті республикалық деңгейден де жоғары. ҰБТ өтті. Енді оқу ошақтары алдағы оқу жылына дайындық үстінде. Бірінші тоқсан қашықтықтан болатындықтан, балаларға да, мұғалімдерге де оңайға соқпайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

–  4-ші тоқсанның тәжірибесі көрсеткендей, шағын жинақты мектептер дәстүрлі форматта жұмыстарын жалғастыра алады. Мұндай оқу ошақтарында 14 мыңдай бала білім алады. Одан бөлек, бастауыш сыныптары үшін кезекші топтарды құратын боламыз. Себебі, балғындар өздігінен жаңа тақырыпты меңгере алмайды. Қазір ата-аналардың 90 пайызы ұл-қыздарын мектепке әкеліп, оқытуды жоспарлап отыр.

Дәстүрлі форматта білім алатын оқушылар үшін бірқатар талап бар. Кабинетте тек 1 мұғалім мен 10 оқушы болуы тиіс. Сыныптар үзіліске де әр түрлі уақытта шығады. Бастысы зарарсыздандыру шараларына бей-жай қарауға болмайды. Бұл ретте өңір жетекшісі дезинфекцияға арналған құралдарды алдын ала сатып алу қажеттігін ескертті. Аталған мақсатқа үнемделген қаражатты бағыттау қажет. Тағы бір өзекті мәселе – материалдық-техникалық базаға қатысты.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Мектептерде 16 мың компьютер бар. 3 мыңын соңғы 5 жылда сатып алдық. Техниканың 4 мыңдайы – ескі, ауыстыру қажет. Биыл төртінші тоқсанда 580 құрылғы сатып алсақ, 1-ші қыркүйекке дейін тағы 1 мыңын аламыз. Ең бірінші кезекте компьютерлер жетім балаларға, ерекше білімді қажет ететін балғындар мен аз қамтылған отбасыларға табысталады. Мұндай санатқа өңір бойынша 11 мың ұл-қыз жатады.

Бүгінде әр аудандық бюджетте артылған қаражат бар. Пандемия салдарынан бірқатар шаралар тоқтатылды. Үнемделген ақшаны қазір оқушылардың сапалы біліміне жұмсау қажет дейді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақжар ауданына 190 компьютер қажет. Бірақ, олар аудандық бюджеттен техниканы сатып алуға бір тиын да бөлмепті. Кімге үміт артып отырсыздар? Үнемделген ақшаны қайда жұмсадыңыздар? Қазір балаларға компьютер алу керек. Басымдықты дәл осы салаға беріңіздер.

Қыркүйектің біріне дейін компьютердің мәселесі шешілді делік. Ал, интернеттің жайын қайтпекпіз? Ертең сайттар мен порталдарға елді мекендегі оқушылар қалай кіреді? Жаңа тақырыпты қалай меңгеріп, үй жұмысын қалай тексертеді? Мұндай проблемамен Айыртаудағы 12, Уәлиханов ауданындағы 9, Жамбылдағы 16 ауылдың ұл-қыздары бетпе-бет кезікпек.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында 59 елді мекенге талшықтық-оптикалық байланыс желісін тартады. Олардың 11-і тамыз айына дейін, қалғандары жылдың соңына дейін қамтылмақ. Компания 80 пайыздық жеңілдікпен интернет платформаларына тегін шығатын, 40 гб трафигі бар 500 4g роутерді орнатуға да дайын. Бұл – селолар үшін таптырмас мүмкіндік. Тағы 18 елді мекенге «Транстелеком» АҚ оқу жылы басталғанша интернет жеткізуді жоспарлап отыр.

Ауылдағы ағайын есептік кездесулерде сұраған автобустардың жайы да шешілмек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Автопарк әбден ескірген. Бүгінде 24 автобус сатып алдық. Тағы алдағы уақытта 19 көлік жеткізіледі. Осылайша, тапшылық жойылады. Биыл барлық балабақшалар мен мектептерге видеобақылау жүйесін орнатамыз. 173 млн теңгені 231 білім ошағындағы жиһазды жаңартып, 324 оқу ұясына жаңа спорттық құрал-жабдықтар алуға жұмсадық.

Жаңа тақта мен парта, доп пен секіргіштердің қызығын оқушылар пандемия салдарынан әзірге көре алмайды. Жергілікті университетке оқуға түсетін студенттер де үлкен өмірге алғашқы қадамдарын қашықтықтан жасамақ. Жастар мектептегідей білімдерін онлайн форматта алады. Жоғарғы оқу орнына келу мүмкіндігі тек магистранттар мен докторанттарда ғана бар. Тәжірибе жасап, ғылымды дамытуға үлес қосамын дегендер үшін зертхана жұмыс істейтін болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, біз университеттің жаңа корпусының құрылысын бастадық. Нысанда 73 заманауи зертхана болады. Жастарға арнап қазір 2 бірдей жатақхана тұрғызып жатырмыз. Бұл тапшылықты 34 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Тағы 3 жатақхана корпусының құрылысына арналған учаске – дайын. Барлық коммуникациялар тартылған. Қазір жобаны қолға алып, ақша құйып, іске асыратын инвесторлар іздестірілуде.

Эльмира Садвокасова