Қоғам

5556 теңге кімдерге беріледі

35 мыңнан аса солтүстікқазақстандыққа бес мың бес жүз елу алты теңгеден үлестіріледі. Шілде айына тиесілі ақша азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар үшін берілгелі отыр. Әлеуметтік төлем кімдерге жасалады? Азаматтарға өтініш жазу қажет пе?

Карантин кезінде қазақстандықтардың бір бөлігі уақытша жұмыссыз қалып, табысынан айрылды. Жығылғанға жұдырық дегендей, оның үстіне, сауда нүктелерінде азық-түлік пен киім-кешек қымбаттады. Мұндай өзгеріс ағайынның, әсіресе, көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандардың тұрмыс жағдайын қиындатты. Бірақ, қиын-қыстау кезде ешкім қолдаусыз қалмады. Мемлекет отандастарымызға ақшалай көмек көрсетуде. Мысалы, қазір жұрттың талқысына көп түскен 42 500 теңгеге кезекті мәрте өтініш қабылданып жатыр. Жақында кезекті рет 5556 теңге берілмек.

Сәуір және мамыр айларында азық-түлік пен тұрмыстық заттарға деп берілетін 5556 теңгені қала тұрғыны Баян Умарова да алыпты. Шілде де тағы да қол жеткізбек. Зейнеткер мемлекеттен үлестірілетін ақша үйге қажетті ұсақ-түйік пен азын-аулақ дәрі алуға жетеді дейді.

Баян Умарова – қала тұрғыны:

–  Мен – екінші топтағы мүгедекпін. 97-ші жылы жол апатына түсіп, омыртқамды қатты зақымдадым. Содан бері жүріп-тұруым қиындады. Қазір далаға өте сирек шығамын. Шыққанның өзінде алысқа ұзай алмаймын. Көп жүрсем, аяқ-қолым сырқырай бастайды. Назардан тыс қалдырмай, көмек қолын созып жатқандарға алғыс айтамын. Бұл – мен үшін үлкен қолдау.

Айта кетейік, азық-түлік және тұрмыстық жиынтыққа қарастырылған 5556 теңге арнайы топқа енген жандарға ғана беріледі. Тізімге кімдер кіреді? Енді осыған тоқталып өтейік.

– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қосапағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қосапағанда, барлық жастағы 1, 2, 3 топтағы мүгедектер;

– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;

– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.

Данияр Асылбеков – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Азық-түлік және тұрмыстық жиынтыққа берілетін ақша сәуір және мамыр айларында Петропавл қаласының 14 мыңнан астам тұрғынына тағайындалды. Яғни, шілдеде осынша жерлесіміз әлеуметтік көмекке ие болады. Жәрдемақыны алу үшін ешқайда өтініш жазудың қажеті жоқ. 5556 теңге автоматты түрде есепшотқа аударылады.

Ал облыс бойынша аталған жәрдемақыны 35 мыңнан аса адам алмақ. Яғни, тұрғындарға 2 млн теңге үлестіріліп беріледі. Көпті күттірген қаржылай көмек жерлестеріміздің есепшотына шілде айының соңына дейін аударылады.

 

 

Маржан Қасымбек