Құқық қорғау органдары

“Жолда қабылдау” акциясы өтті

Жергілікті тәртіп сақшылары шілденің 17-сімен 18-і күндері “Жолда қабылдау” республикалық акциясын өткізді. Дәстүрлі шарада полицейлерге тұрғындар тарапынан 100-ден астам сұрақ түсіпті. Көбі онлай форматта жолданған. Акция барысында мамандар өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, адамдарға “Ақылды көше қиылыстары” атты жаңашылдық жайлы да баяндады.

Кезекті «Жолда қабылдау» акциясына қала тұрғыны Любовь Яковенко мәселесін емес, алғысын айтуға келіпті. Талай жылдық тәжірибесі бар мұғалім біраз уақыт бері туған ұлын дұрыс жолға сала алмаған екен. Баласы күнде үйге ішіп келіп, айғай-шу шығарған көрінеді. Тағаты таусылған ана полиция қызметкерлеріне жүгінген. Тәртіп сақшылары азаматпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақыл-кеңес беріпті. Содан бері
жанұяның жағдай түзеліпті.

Любовь Яковенко – Петропавл тұрғыны:

– Мамандарға алғысымыз шексіз. Ұлыммен әңгіме жүргізіп, біраз ақылын айтты. Қазір ол жауапкершілікті сезініп, ішуін де қойды. Жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр.

Шара барысында полицейлерге солтүстікқазақстандықтар тарапынан шағым да түсті. Тұрғындың бірі мотоцикл жүргізушілерін тезге салатын уақыт жетті дейді. Оның айтуынша, қос дөңгелекті көлік иелерін кеш батса болды – әрлі-берлі қатынап, түн тыныштығын ұрлайды. Тәртіп сақшылары бұл проблеманы қолға алатындықтарын айтты. Келесі мәселе тікелей эфирде көтерілді. Петропавлдық азамат Брусиловский мен Амангелді көшелерінің қиылысына қосымша жол белгілерін қоюды сұрады. Алдағы уақытта жерлесіміздің өтініші қарастырылмақ. Акцияда мамандар «Интеллектуалдық көше қиылыстары” атты тың қосымша жайлы да айтты.

Болат Жексембинов – СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Интеллектуалдық көше қиылыстары» атты қосымша бағдаршамға қосылып, жолдағы заңбұзушылықтарды анықтайды. Яғни, жүргізушілер тоқтау сызығынан немесе бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп кетсе, бірден белгі береді. Жаңашылдық қазір Жамбыл мен Партизанская көшелерінің қилысында жұмыс істеп тұр.

Бұл жолғы «Жолда қабылдау» акциясы екі күнге жалғасты. Осы уақыт аралығында полицейлерге 100-ден астам сұрақ келіп түсіпті. Олардың басым бөлігі онлайн форматта жолданған екен.

Маржан Касымбек