Қоғам

СҚО-да қаңтар-маусымдағы инфляция 4,1% құрады

Азық-түліктің бағасы тағы шарықтады. Өткен жарты жылдың ішіндегі өсім бақандай 7 пайызды құрайды. Әсіресе, көкеніс пен жеміс-жидек айтарлықтай қымбаттапты. Ал, күнделікті тұтынымдағы тауарлардың ішінен тек екеуі ғана арзандаған.

Өңірде 6 айдың ішінде азық-түлік 7,2% қымбаттаған. Олардың бірқатарына жеке-жеке тоқталайық. Күнделікті өмірде тұтынатын ұнның бағасы – 8,1, сүт өнімдерінікі 9,1% өсіпті. Жармалар мен балық және теңіз өнімдерінің құны да қалта қағады.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Осы орайда мынандай статистикаға тоқталайық. Қазір – жаз мезгілі. Бұл уақытта бау-бақша өнімдері піседі. Сәйкесінше, олардың құны сауда нүктелерінде төмен болуы қажет. Алайда, олай емес. Статист мамандар ұсынған мәліметке сүйенсек, жас жеміс-жидектің бағасы – 21,4, ал жас көкөністердікі 10,8% өсіпті.

Жыл басталғалы алкогольсіз сусындар да қамбаттапты. Алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерінің де бағасы артқан. Біріншісінің құны – 6,8, екіншісінікі 3,8 процентке ұлғайыпты. Бұдан бөлек, азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге бекітілген соммаларға да өзгеріс енгізілді.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– 2020-ның жарты жылында құрылыс материалдарының, тұрмыстық техниканың, кеңсе тауарларының, киім-кешек пен дәрі-дәрмектің бағасы артқан. Сондай-ақ, бензин 2,4% қымбаттапты. Ал, дизель отыны керісінше 1,4% арзандаған.

Сақтандыру, құқықтық және медициналық қызметтердің де құны орта есеппен 10 процентке артқан. Сондай-ақ, шаштараздар және жеке кызмет көрсету мекемелері де бағаны арттырыпты. Жалпы, облыс бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығындағы инфляция 4,1% құрады. Сонда не арзандады? Мамандардың мәліметінше, күріш пен жұмыртқа және коммуналдық қызметтердің құны 10%-ға төмендепті.

Дана Сәлімқызы