МТРА жаңалықтары

Теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстары желтоқсан айында аяқталады

– Вокзал – жолаушылар үшін өте ыңғайсыз. Сөмкелерімізді арқалап тар баспалдақтармен көтерілетінбіз. Жаңғырту жұмыстарынан кейін өзгереді деген үміттеміз.

Келген қонақтар мен жергілікті тұрғындардың өтініші ескерілді. Қазір теміржол вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ескі нысаннан тек төрт қабырғасы ғана тұр. Қалғанның барлығы толығымен өзгертіліп жатыр. Ғимарат қолданысқа тапсырылғаннан кейін, жолаушылар ауыр сөмкемен 3-ші қабатқа көтеріліп-түсуді мүлдем ұмытады.

Валерий Попов – “Ресей темір жолдары” ААҚ Петропавл жолы бөлімшесінің бас инжинері:

– Қыркүйектің біріне қарай эскалаторды әкеледі. Оны вокзалдың дәл кіреберісіне орнатамыз. Саты жолаушыларды бірден 3-ші қабаттағы күту залына көтереді. Ол үшін ғимараттың алдын кеңейттік. Жалпы алғанда нысанның аумағы 830 шаршы метрге ұлғайды.

Күту залынан жүкті пойызға жеткізу де кедергілер жолағы арқылы өткенмен тең. Бұрын солай болатын. Баспалдақтар – ескі, әрі ені де қысқа еді. Саты толығымен қалыпқа келтірілді, бірақ бастысы ол емес. Мұнда сыйымдылығы 8-10 адамға шақталған лифт орнатылады. Қондырғы / салмағы 1 мың келі болатын жүкті көтере алады. Платформаға шығатын жол да өзгертілді. Вокзалдың бұл бөлігі суық болғандықтан, қапталыпты. Енді үнемі 15 градус шамасындағы температураны сақтамақ. Заманауи стильде болатын ғимараттың сырты әйнекпен қапталады. Қала тұрғындары мен қонақтарын бірінші болып қарсы алатын нысанның күрделі жөндеуіне ресейліктер 2,9 млрд теңге бағыттапты. Вокзал алдындағы алаң да жолаушылардың көзайымына айналмақ.

Асылбек Бағанов – жоба жетекшісі:

– Инженерлік желілерді тарттық. Жер астындағы жұмыстардың барлығы аяқталды. Сіздің тапсырмаңыз бойынша автосуару жүйесін іске қостық. Қазір газон төсеп жатырмыз. Жасыл желектердің 90 пайызы отырғызылды. Шаруаны Ботаникалық бақ өкілдерімен бірлесе атқарудамыз. Агрономдар жазғы уақытта көшеттерді дұрыс егу технологиясын қадағалауда.

Иә, бұрынғы алаңнан мұнда тек Алаштың арысы М.Жұмабаевқа арналған ескерткіш қалды. Оның екі жағынан жаңа фонтандар орын тепкен. Ерекшелігі сол субұрқақтың деңгейі жермен бірдей, яғни үстімен жүруге болады. Ал, саябақты жағалай «Альпийская горка» композициясы безендірмек. Мұнда Ресей мен Польша елдерінен арнайы жеткізілетін көпжылдық гүлдер отырғызылады. Көз қуантатын көрініс түнгі жарықтандырудың арқасында тіптен ертегіге айналмақ. Аумағы 1,5 гектарға жуықтайтын алаңда 180 темір тұлпарға арналған тегін, 32 машинаға ақылы тұрақ салынады. Бұдан бөлек такси көліктеріне де орын қарастырылмақ. Жұмыстардың барлығы тамыз айының соңында өз мәресіне жетеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Автобус аялдамаларын вокзалға жақындатамыз. Бұл мәселені қала тұрғындары бірнеше рет көтерді. Оны шешетін боламыз.

Бұнымен вокзал маңындағы шаруа аяқталмайды. Нысанның оң жағында тарихи ескерткіш саналатын су мұнарасы орналасқан. Ендігі жоспар – көне ғимаратты қалыпқа келтіру.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова