Құқық қорғау органдары

СҚО-да «Жолда қабылдау» акциясы бастау алды

Бүгін Петропавлда екі күндік “Жолда қабылдау” акциясы бастау алды. Іс-шара халыққа қызмет көрсету орталығының алдында өтіп жатыр. Мұнда полиция қызметкерлері адамдарды алдын ала жазылусыз қабылдайды. Акция барысында әр шағым ескеріледі, әр сауалға жауап беріледі.

Әлішер Жармағамбетов – қалалық ПБ әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы:

– Азаматтарды қабылдауды әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі және көші-қон қызметі басқармаларының басшылары, сонымен қатар, процессингтік орталық, әкімшілік тәжірибе және жол-техникалық инспекциясы бөліністерінің қызметкерлері жүргізеді. Қосымша «қауырт желі» жұмыс істейді. Телефон хабарламалар, әлеуметтік желілерде онлайн-хабарламалар арқылы да хабарласуға болады.

Тәртіп сақшыларына әртүрлі сауал келіп түсті. Олардың басым бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігіне, жол белгілерін орнатуға қатысты болды. Ал Николай Шакаловты басқа мәселе алаңдатады. Қала тұрғыны түнгі уақытта дамыл таппайтын мотоцикл жүргізушілеріне наразы.

Николай Шакалов – қала тұрғыны:

– Мотоцикл иелерінің өмірі түнде басталады. Олар 12-ден кейін бір-бірлерімен жарысады. Одан қалды, музыканы бар қатысына қойып тыңдайды. Бүкіл көшеге, үйге естіледі. Сондықтан қос дөңгелекті көлік иелеріне бір шара қолданылуы қажет.

Айта кетейік, «Жолда қабылдау» акциясында санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталған. Тұрғындар міндетті түрде белгілі-бір қашықтықта отырып, полицейлермен тілдесуі керек. Және медициналық қолғап пен маска да болуы тиіс. Жалпы, шараның алғашқы күнінде мамандарға солтүстікқазақстандықтардан 30 сұрақ келіп түсті.

Ешкенова Дана