ТЖ

СҚО-да 1 күнде үш адам суға батып кетті

Шілденің 16-сы күні Жаңажол ауылының 6 азаматы жидек теруге барған. Олар қайтар жолда Есілге түседі. Шомылу кезінде жастар өзеннің келесі жағасына қарай жүзген екен. Осы сәтте 96-шы жылы туылған жігіттің сіңірі тартып, бата бастайды. Мұны 2 жолдасы көріп, құтқаруға әрекет жасайды. Бірақ, ойлағандары жүзеге аспайды.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары майор:

– Алтауы да өзеннің келесі жағасына өтпек болыпты. Өкінішке қарай, 3-еуі діттеген жерге жете алмады. 96-шы жылғы азамат пен 2001 және 2002-ші жылы туылған 2 жігіт те су құрбаны болды. Олар өзен астындағы тереңдігі 2 метрден асатын шұнқырға батып кетті.

Оқиға орнына арнайы мамандар шақыртылыпты. Іздеу шарасына жергілікті халық та ат салысқан. Жас жігіттердің денесі бүгін таңғы 8 жарымда табылды. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, өлкемізде күн артқан сайын өзен-көлдерде бату фактісі ұлғайып жатыр. Осыған байланысты тәртіп сақшылары мен құтқарушылар бақылау шараларын күшейткен.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары майор:

– Төтенше жағдайлар департаменті суда жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында волонтерлармен бірлесіп, 900 ден астам рейд өткізді. «Шомылуға тыйым салынған» белгісінің 412 данасы орнатылды. Тағы, 29 мыңнан астам жадынама қағаз таратылды.

Облысымызда шомылу маусымы басынан 11 адам су құрбаны болды. Оның біреуі – бала. Айта кеткен жөн, өткен жылдың 12 айында аймақтағы өзен-көлдерде 12 кісі көз жұмған. Алдағы уақытта қайғылы оқиғаларды болдырмау қажет. Сол себепті, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері, жергілікті полиция қызметкерлері және жасотандықтар рейд өткізуде.

– Бұл – «Черное» көлі. Қала орталығынан 5-6 шақырым жерде орналасқан. Жаздың шыжып тұрған ыстығына қарамастан, мұнда суға түсуге болмайды. Себебі, шомылуға рұқсат етілмеген аймақ.

Алайда, бұл ережені ескеріп жатқан ешкім жоқ. Тұрғындар шомылуда. Кейбір демалушылармен тәртіп сақшылары тілдесті. Бірақ, адамдардың тыңдайтын түрлері жоқ.

Кирилл Иванников – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

 – Рейд шараларын біз күнде өткіземіз. Демалушылардың көбі түсіністікпен қарайды. Кейбіреулері сөзімізге құлақ аспайды. Мұндай жағдайда алдымен ескерту жасаймыз, ереже бұзушылық тағы бір рет қайталса, айыппұл саламыз. Яғни, рұқсат етілмеген аймақта шомылған жандар 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Шомылу маусымы басталғалы мамандар 100-ге жуық адамға айыппұл салыпты.

 

 

Ақалтын Рамазанова