Әр түрлі

Петропавлда 1500-ден аса бос жұмыс орны бар

20 жастағы Серік Қожанов биыл ғана колледж бітіріпті. Мамандығы – электрик. Жас жігіт алдағы уақытта осы бағыт бойынша жоғары білім алмақ ойы бар. Ал, оқу басталғанға дейін екі қолға бір күрек таппақ ниетте. Қалалық жұмыспен қамту орталығына келгені де сондықтан.

Серік Қожақанов:

– Орталыққа келіп есепке тұрдым. Мамандар мені барлық талаптармен таныстырды. Қаладағы кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарының тізімін қарап шықтым. Бірнеше мекемеге барып, бүгін басшылығымен сөйлесіп көремін. Егер шарттары ұнап жатса, бірден іске кірісемін.

Қазір өңір бойынша құрылыс қызған шақ. Жаңа баспаналар мен нысандар салынып, мектеп, мәдениет ғимараттары, емдеу орындары қалыпқа келтіріліп жатыр. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы бойынша да дәл осы шаруаға мамандар қажет екен. Сұраныс учаске шебері, трактор жүргізушісі, тас қалаушы мен әрлеушілерге аса жоғары. Жалақысы – шарт бойынша кемінде 85 мың теңгені құрайды.

Жанат Нұрахметов – Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

– Петропавл қаласында жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 75 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 1500-ден аса тұрғынды екі қолға бір күрекпен қамту мүмкіндігіміз бар. Бағдарлама іске қосылғалы 600 петропавлдық қызметке тұрды.

Жыл басынан орталыққа жүгінген 1300 қала тұрғыны екі қолға бір күрекпен қамтылған. Тағы 1800-ге жуық азамат жұмыссыз ретінде әлі есепте тұр.

 

 

Эльмира Садвокасова