Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды

Өңір жетекшісі ең алдымен шалақындық диқандармен кездесті. Оның сөзінше биыл ауыл аграрийлері 1 гектардан 30 центнер өнім алуға тырысулары керек. Бұл өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосады. Алайда, кей шараулар агротехникалық талаптарды сақтамайды дейді әкім. Салдарынан астықтың сапасы нашарлап, бағасы арзандайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Біз алға жоспар құрып егін өсіруіміз қажет. Бағасы 150 мың теңге болса, 50 мыңын қалдыруымыз керек. Сонда ғана экономика жақсы болады. Әзірге, кестеге сай келе жатырмыз. Жауын-шашын мөлшері де жақсы.

Күзде мол өнім алу үшін сапалы техникаң болуы тиіс. Облыста диқандардың дені немістің «Claas» комбайындарын қолданады. 3 жыл қатарынан өңір әкімдігі бұл компаниямен келіссөздер жүргізіп, техникасын өңірімізде құрастыруды сұрап келеді. Егер қос тарап мәмілеге келсе, Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын жинайтын зауыт бой көтермек. Нәтижесінде жергілікті аграрийлер үшін машиналардың бағасы біршама арзандамақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Біз олармен бейнебайланыс арқылы шығып, конференция өткізген едік. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін Петропавлда зауыт ғимаратының құрылысын бастаймыз. Күзде ғимарат дайын болуы керек.

Мал шаруашылығы туралы да ұмытпаған жөн. Шал ақын ауданында бұл сала қажетті деңгейде дамымай жатыр. Жыл сайын өлке бойынша 10 сүт фермасын іске қосып отыру – меже. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Нысандардың құрылысына, техникаға және ірі қараны сатып алуға субсидиялар беріледі.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Сүт өнімдерін шетелден облысқа жеткізу дұрыс емес. Өткен жылы бұл өнімді шығарумен айналысқысы келетіндердің ғимараттарын тұрғызу үшін 2 пайызбен несие беруге шешім шығардық. Облыста сүт фермалары салынуы қажет. Ол үшін жағдай жасалынады.

Облыс әкімі аудандағы жол жөндеу жұмыстарының барысын бағамдады. Сергеевка қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 75,5 шақырымды құрайды. Оның тек 38-іне асфальт төселген. Көшелерді қалыпқа келтіруге 520 млн теңге бөлінген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 6 есеге көп. Қазіргі уақытта аудан орталығындағы 3 шақырым болатын 2 көше күрделі жөндеуден өтуде. Бұл мақсатқа 100 млн теңге жұмсалған.

ЯКОВ ВЕРЯСКИН – СЕРГЕЕВКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 – Шұңқырларды бітеуді қою керек. Биыл жол жақсы салынды. Халық өз ризалығын білдіріп жатыр.Соңғы рет осылайша қашан жөнделгені есте жоқ.

Биыл 8 аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылады. Сергеевкадағы орталықтың құрылысы мамыр айында басталған. Қазіргі уақытта нысанның іргетасы қалануда. Жобаның жалпы құны шамамен 470 млн теңге. Қаражатты облыс бюджеті берген.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Барлық материалдар қазақстандық зауыттардың өнімі болуы тиіс. Тіпті, солтүстікқазақстандықтардың металлқұрылғыларын қолдану қажет. Қажетті кәсіпорындар Петропавлда да бар. Біз оларды қолдауымыз керек.

Спорттық кешенге қазандық орнатылмақ. Мамандардың сөзінше, оның қуаты жақын маңдағы екі қабатты үйлерді жылытуға да жетпек. Нысанның құрылысы қараша айында аяқталмақ.