COVID-19: Қазақстан

Коронавирус пен пневмония статистикасы біріктіріледі

Тамыздың 1-інен бастап Президент тапсырмасына сәйкес коронавирус пен пневмония статистикасы бірге есептелмек. Яғни, науқастың ПТР анализінің нәтижесі теріс болып, бірақ ол өкпе қабынуына шалдыққан болса, COVID-19-бен ауыратындардың тізіміне қосылатын болады.

Өйткені пневмония да – жұқпалы ауру. Оған шалдыққан отандастарымыздың саны көбеюде. Біздің өңірде де ахуал мәз емес. Пневмониядан айыққан жерлестеріміздің бірі – Күлжан Басанова. Оның екі бірдей өкпесі қабынған. Провизорлық стационарда ем алып, жақында жазылып шығыпты.

Күлжан Басанова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының медбикесі:

– Облыстық емханаға шілденің 2-сі күні түстім. Жағдайым өте мүшкіл болды. Өкпем қабынып, ауа жетпей, қатты қиналдым. Провизорлық стационарда мен секілді науқастар әлі де көп. Ондағы дәрігерлер тыным таппай жұмыс істеп жатыр. Осы мамандардың арқасында дертті жеңіп, отбасыма оралдым. Тұрғындарға айтарым, өздеріңіз және жақындарыңыздың денсаулығына бей-жай қарамаңыздар! Карантин ережелерін сақтап, барынша абай болыңыздар! Адам көп жиналатын орындарға бармауға тырысыңыздар!

 

 

 

Маржан Касымбек