Әр түрлі

Гуманитарлық көмек 27 медициналық ұйымға таратылды

Қорап-қорап маска мен қорғаныс костюмдері. Бұның барлығы дәл қазір өңірдегі медицина ұйымдарына бөлініп жатыр. Оны арнайы құрылған ведомствоаралық мониторингілік топ өкілдері қадағалауда. Мамандардың қолдарында тізім мен “тегін” деген жазуы бар арнайы мөртаңба бар.

Қорғаныс құралдарының көлемі қанша және қайда таратылады? Қолдағы тізім бойынша қажетті дүниелер облыстағы 27 медициналық ұйымға жіберілмек. Бөлінген заттардың барлығын науқастар мен ақ халатты абзал жандар пайдалануы тиіс. Сондықтан мониторингілік топ ауруханалар мен емханаларға үлестірілген әр масканың, әр костюмнің діттеген жерге жетуін, қолданылуын бақыламақ.

Юлия Смирнова – «Lider.kz» волонтерлік қозғалысының еріктісі:

– Кеше келген гуманитарлық көмектің барлығы бөлінді. Қорғаныс құраларын кім және қайда әкететіндігін де тіркедік. Ертең біз стационарлар мен емханалараға барамыз. Ол жерде де бақылау жүргіземіз. Яғни, қажетті дүниелер сол көлемде келді ме және кімге таратылғанын тексереміз.

Арнайы тізім бойынша қорғаныс құралдары аудандарға да бөлінді. Оны алып кету үшін әр медициналық ұйым өз қызметкерлерін жіберген. Мысалы, М.Жұмабаев ауданына 130 қорғаныс костюмі және 500 маска жөнелтілді. Қажетті дүниені жергілікті мамандар да алып жатыр.
Қалалық көпбейінді ауруханаға мыңнан аса костюм берілді. Себебі, қазіргі таңда емдеу мекемесінде правизорлық стационар жұмыс істейді.

Александр Афонин – қалалық көпбейінді аурухананың санитары:

– Мен қалалық көпбейінді ауруханадан келдім. Бізге де гуманитарлық көмек бөлінді. 1500 қорғаныс костюмі мен 500 медициналық маска алдық. Қазір оны аурухана жанындағы көпсалалы дәріханаға жеткіземін. Кейін сол жерден правизорлық стационарға таратылады.

Ертең облысқа тағы да үлкен көлемде гуманитарлық көмек жеткізілмек. Қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрімектің тиісті ұйымдарға таратылуын жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бақылайтын болады.

Ешкенова Дана