Қоғам

Демалыс күндері карантин қағидалары күшейтіледі

Құдалық, сырға салу, қыз ұзату, үйлену тойы, тұсаукесер, туған күн. Қазақта не бітпейді – той бітпейді. Өңірдегі эпидахуалдың ушығып бара жатқанына қарамай кей тұрғындар думандатуын доғарар емес. Сәйкесінше індетке қатысты статистика да күн сайын өсіп жатыр. Мәселен, кешегі күннің өзінде вирус тағы 65 жерлесімізден табылған. Осылайша, бүгінде ауру жұқтырған солтүстікқазақстандықтардың саны 2 мыңнан асып жығылды. Жағдайды тұрақтандырып, науқастар санын қысқартпаққа қалалық әкімдік мындадай шешім қабылдады: алдағы 3 апта бойы демалыс күндерінде карантин режимі күшейтілмек. Яғни, сенбі мен жексенбіде бірқатар шектеулер қойылады.

Әсет Жұматаев – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– 18-нен 20-шы шілдеге дейін, 25-нен 27-не дейін, 1 тамыздан 3-ші тамызға дейін шектеу қойылды. Өйткені, эпидемиялық жағдай ұшығып жатыр.

Сенбі-жексенбі күндері мерекелік іс-шара өткізу былай тұрсын, туған-туыс, көрші-қолаңға қонаққа баруға болмайды. Тіпті қала ішінде көлік қозғалысы мен тұрғындардың бейсауат жүруіне де шектеу қойылады. Бұқараға үйден азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін ғана шығуға рұқсат. Оның өзінде тек баспана айналасындағы сауда нүктелеріне баруға болады. Үй жануарларын да алысқа ұзамай серуендету керек. Алайда, ашық аспан астындағы дәмханалар жұмысын тоқтатпайтын болып шықты. Неге?

Әсет Жұматаев – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Рұқсат етілмейді емес, шектеу қойылып отыр. Адамдар барынша үйде отырсын.

Кезекті қоғамдық көлікке берсек. Демалыс күндері қала бойынша автобустар мүлде жүрмейтін болады. Десе де, бағбандарға алаңдаудың еш қажеті жоқ. Саяжай бағыттарындағы автобустар қатынауын тоқтатпайды.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Бұл автобустар арнайы кесте бойынша жүретін болады. Таңғы 6-дан 10-ға дейін тұрғындар саяжайларына жете алады. Ал кешкі 6-дан 9 жарымға дейін үйлеріне қайта алады. Бұл мақсатқа 13 автобус бөлінді. Егер қажеттілік туындап жатса көлік санын тағы да көбейтеміз.

Ескеретін жәйт, бетпердесіз бағбандар автобусқа кіргізілмейді, көліктерде тек отырып қатынауға рұқсат. Маршруттар кестесімен толығырақ шаһар әкімдігінің сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларыннан танысуға болады.

 

Маржан Касымбек