Әр түрлі

Жерлесіміз теңдесі жоқ қар тазалау техникасын жасады

4 айға созылған карантин Евгений Борисевичке майдай жақты. Неге дейсіз бе? Жерлесіміз теңдесі жоқ құрылғы жасады. Қар тазалайтын заманауи аппаратты құрастыруды азамат 7 жыл бойы ойлап жүріпті. Ал, елімізде төтенше жағдай жарияланып, шаруасы тоқтағанда идеясын іске асыруға кіріскен. Өнертабысы – міне, трактордың тіркемесіне орнатылған. Сырт көзге – қарапайым техника болып көрінгенімен, бірнеше функцияны қатар атқарады екен.

Евгений Борисевич – өнертапқыш:

– Трактор көшедегі қарды қырып шығады. Шет жақтарында қалған ақ ұлпаны мына щетка жинайды. Аппарат комбайндағы принциппен жұмыс істейді. Яғни, барлық қарды техниканың астына сыпырып, иірмек арқылы тіркемеге көтереді. Осылайша трактор бір өткенде көше тазаланады. Сәйкесінше, қазынадағы ақша да, уақыт та үнемделеді.

Қар тазалайтын техниканың тағы бір тиімділігі – ол машиналармен бір бағытта жүреді. Яғни, қарсы бетке шығып, апаттық жағдайларды тудырмайды. Бұл – Евгений Борисевичтің алғашқы өнертабысы емес. Жерлесіміз темір-терсектен пайдалы дүниелерді жасаумен кішкентайынан айналысады екен. Бірақ, олар көпшілікке танылмапты. Ал соңғы жасаған инновациясына тек өңір компаниялары ғана емес, патент ұйымы да жоғары баға беріпті.

Евгений Борисевич – өнертапқыш:

– Патент алу оңай шаруа емес. Техниканы қалай жасағаным туралы реферат әзірлеп, құжаттарды рәсімдедім. Мамандар әлем бойынша мұндай дүниенің бар-жоғын іздестірді. Мен ойлап тапқан қар тазалау техникасына ұқсас аппарат базадан табылмады. Кейін оның жарамдылығын іс жүзінде байқадық. Бірнеше кезеңге созылған тексерістен кейін, қолыма мөр басылған патентті табыстады.

Қондырғыны құрастыру үшін азамат сапалы, заманауи бөлшектерді қолданыпты. Денін Ресейден алдыртқан екен. Өнертабысына шашамен 1 млн теңгедей жұмсаған. Қар тазалайтын теңдесі жоқ инновация туралы естіген коммуналдық қызметтер техниканы сатып алуға дайын. Қызығушылықты жергілікті атқарушы биліктен бөлек, көрші елдегі әкімдік өкілдері де танытып отыр екен. Бірақ, аппараттарды қажетті көлемде әзірлеу үшін қыруар қаражат қажет. Бұл ретте Евгений Борисевич мемлекет тарапынан грант болса дейді. Өнертапқыш қаржылай қолдау көрсетілсе, алдағы қыста көшелердегі ақ ұлпаны шығару проблемасы туындамайды деген сенімде.

 

 

Эльмира Садвокасова