Ерiктiлер

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Өңірдегі эпидахуал мәз емес. Өткен бір тәуліктің өзінде 95 адам коронавирус жұқтырған. Петропавлдағы 3 бірдей правизорлық стационар науқастарға лық толы. Қазір аталған емдеу орындарында 880 жерлесіміз індетпен күресіп жатыр.

Індетпен науқастар ғана емес, медицина қызметкерлері де күресіп жатыр. Олар – бүгінгі күннің нағыз батырлары. Дәл осы сәтте бұл жандар қолдаусыз қалмау қажет. Осындай мақсатпен жергілікті еріктілер тың бастаманы қолға алды. Жүрегі мейірімге толы петропавлдықтар 2 күн бұрын Instagram желісінде арнайы парақша ашып, ақша жинауды бастапты. Қаражат ауруханалар мен емханаларға қажетті дүниелерді сатып алуға жұмсалмақ.

Диляра Сабыр – ерікті:

– Небәрі 1 күннің ішінде 1 млн теңгеден аса ақша жинадық. Қаражаттың бір бөлігіне 20 термометр сатып алынды. Кешке дейін аппараттарды тиісті орындарға жеткіземіз. Тағы, қорғаныс костюмдері, бетперде, қан қысымын өлшейтін қондырғы сынды ең қажетті деген заттарды да алмақшымыз. Қауіпті індетті тек біріксек қана жеңеміз!

Игі істі Әсем Нұрмұхамет есімді жерлесіміз бастапты. Оның өзіндік себебі де бар. Жақында нәзікжандының жанұясы індетке шалдыққан екен.
Өкінішке қарай, асқар тау әкесі тәжді вирустың құрбаны болды. Қалған отбасы мүшелері – аман. Қайғылы жағдайдан кейін Әсем бар күшін жинап, өзге жандарға, науқастар мен дәрігерлерге жәрдемдесуді шешкен.

Әсем Нұрмұхамет – ерікті:

– Әкемді 5 күн бұрын жоғалттым. Мен және отбасым көрген қиындықты ешкім көрмесін деймін. Аурудан аман болыңыздар! Індетті жеңу үшін осындай бастаманы қолға алдық. Хабарласып жатқан адамдар өте көп. Барлығы көмектесуге ниетті. Қиын сәтте жұртшылықтың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығырғаны қуантады.

Қайырымдылық шараға әр адам қатыса алады. Көмек қолын созғысы келетін жандар экранда көрсетілген телефон нөміріне хабарласулары қажет. 8 702 542 43 34

 

 

 

Саят Ермек