Әр түрлі

Тікелей эфирде би терапиясы жайлы айтылды

Би терапиясы – қарапайым халыққа тансық болып көрінуі мүмкін. Алайда, мұндай қимыл-қозғалыстың адам өміріне тигізер әсері өте мол. Мысалы, кез-келген жан өзінің сүйікті әуеніне жиі билесе, бұлшықеттерін шынықтырып қана қоймай, үнемі белсенді, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді екен. Мұны «Центр личности» психологиялық орталығының маманы Ольга Агапова кітапхана оқырмандарына айтып жатыр. Ол би терапиясынан сабақ береді.

Ольга Агапова – «Центр личности» психологиялық орталығының маманы:

– Бүгін мені С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана ұжымы арнайы шақырып, оқырмандарға би терапиясы жайында айтып беруді сұрады. Мен бірден келістім. Өзім бимен 12 жылдан бері айналысамын. Тәжірибемді толықтыру үшін өзге қалаларға, елдерге сапар жасап, мамандармен жүздесемін. Соңғы 2 жыл бойы би терапиясыннан сабақ беремін. Курсыма келуші жан хореграфиядан хабары болуы міндетті емес, ең бастысы өзін жеңіл, әрі сергек сезінсе болғаны.

Облыстық кітапхана ұжымы мұндай тікелей эфирлерлерді жиі ұйымдастырып тұрады. Басты мақсат – карантин кезінде оқырмандарды қызықты әрі пайдалы бастамаларға баулу.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы ОҒӘК ұйымдастырушысы:

– С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері күніне 2-3 рет тікелей эфирге шығады. Эфирімізде түрлі тақырып талқыланады. Жас ақындар, жазушылар, психологтармен тілдесеміз. Оған қоса, кітапхананың инстаграм, фейсбуг желісіндегі парақшаларында түрлі жазбалар қалдырамыз, бейнероликтер, бейнесабақтар мен бейнеконференциялар жүктейміз.

Айта кеткен жөн, ұйымдастырылған тікелей эфирлерді облыстық кітапхананың ютубтағы каналына тіркеліп, кез келген уақытта тамашалай аласыздар.

 

 

Ақалтын Рамазанова