МТРА жаңалықтары

Гуманитарлық жәрдем СҚО-ға жеткізілді

Мына қораптар өткен аптада ұшақпен тура елордаға жеткізіліпті. Жәрдемді қабылдаған “СК Фармация” оны аймақтарға үлестіруде. Бұл дүниелердің бәрі жуық арада өлкедегі медициналық мекемелерге таратылмақ. Алайда, назарды еріксіз аударатыны – “Коронавир” дәрісі. Клиникалық атауы – фавипиравир. Ол “COVID-19”-дың салдарынан туындаған асқынулармен емес, ағзадағы инфекцияның тікелей өзімен күреседі. Науқастарға жүргізілген клиникалық зерттеулер дәрінің тиімділігін дәлелдеген екен, бірақ оны тек стационарларда ғана қолдануға болады. Қазақстан жуырда фавипиравирді індетті емдеудің клиникалық хаттамасына енгізген.

Алексей Цой – ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Біз стационарлық деңгейдегі емдеу схемасын кеңейттік. Клиникалық хаттамаға жаңа фавипиравир препараты қосылды. Ол көршілес елдерде, Еуропа аумағында, Жапонияда өте белсенді қолданылады. Дәрі жақын арада пациенттерді стационарлық емдеу үшін келіп түседі және КВИ-ның ауыр түрлерінде ғана қолданылатын болады.

Тауар түсірілген соң іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кірісті. Әрбір жиынтық, әрбір маска мен қаптаманы олар санау үстінде. Өйткені, шетелден келген тегін гуманитарлық жәрдемнің емханаларға емес, дәріханаларға заңсыз өткізіліп, саудаға шығарылу қаупін ескермеуге болмайды. Мақсат – бұған жол бермеу.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– “СК Фармация” мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірігіп, бұл жұмысты қоғам белсенділерінің қатысуымен бақылауда ұстап отыр. Өйткені, келген тауардың барлығы науқастарға жеткізілуі тиіс. Қазіргі таңда біз “тегін” деген жазуы бар арнайы мөртаңба әзірледік. Әр костюм, маска мен дәріге осындай таңба қойылады.

Ведомствоаралық мониторингтік топ қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрімектің тиісті ұйымдарға таратылуын ұдайы бақылап отырады.

 

 

Саят Ермек