Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл өлкеде 22 мың тонна ет өндірілген

М.Жұмабаев ауданындағы «Полудинское» серіктестігі 1998-ші жылы құрылды. Содан бері агроқұрылым өкілдері өсімдік шаруашылығымен айналысып, қамбаны алтын дәнге толтырып жүр. Былтыр еңбекқор жандар жаңа бизнес түрін қолға алды. Олар кәсіпорындағы өнімділігі жоғары, солтүстіктің климатына төзімді 200-ге жуық қазақтың ақбас сиырын сауып, сүт өндірісімен айналыспақшы. Сол үшін 5 бірдей базаның құрылысын бастапты.

Эльдар Омаров – «Полудинское» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Біз еттен бөлек, сүт өндіру бағытында да еңбек еткіміз келеді. Сондықтан қазіргі күні сиырлар тұратын 2 база салып жатырмыз. Оның біреуінің құрылысы аяқталып қалды. Сонымен қатар, қосымша сиыр сауу, мал төлдету мен бұзауларға арналған нысандар тұрғызудамыз. Құрылыс жұмыстары өз қаражатымызға жүргізілуде.

Ендігі мақсат – сүт өндірісін дамыту, мал санын арттыру. Сондықтан серіктестік басшылығы 420 бас «Симментал» мен «Гольштейн» тұқымды сиырларға тапсырыс беріпті. Тіпті, 97-сінің құнын өтеп те қойған екен. Төрт аятылар базалардың құрылысы аяқталғасын Австрия мемлекетінен біртіндеп әкелінбекші. Жалпы, ағымдағы жылы аймаққа Еуропа елдерінен 5 мыңнан астам асылтұқымды ірі қара импортталмақ. Бүгінде жоспардың 20 пайыздайы орындалыпты. Өлкемізге 966 жануар жеткізілген екен. Олардың бір бөлігі – етті бағыттағы мал.

Талғат Наурызбаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Былтыр өңірде 97 мың тонна ет өндірдік. Биыл бұл көрсеткішті 102 мың тоннаға дейін жеткізбекшіміз. Сондықтан аймақта екі бордақылау алаңы салынып жатыр. Тағы, Қызылжар ауданында мың басқа арналған ет фермасы тұрғызылуда.

Енді биылғы көрсеткішке келейік. Үстіміздегі жылдың 6 айында өлкеде 22 мың тонна ет өндіріліпті. Оның 62 тоннасы шекара асырылған. Яғни, экспортқа шығарылған. Бұл 2019-дың сәйкес кезеңімен салыстырсақ 55 пайызға көп. Ал өлкемізге импортталған өнім көлемі 709 тоннаны құрайды.

 

 

 

Ешкенова Дана