Құрылыс

Береке ықшам ауданында саябақ салынуда

Дәл қазір Береке ықшам ауданында шаруа қызған. Жұмысшылар болашақ саябақтың жер деңгейін көтеру үстінде. Ал бұл іс аяқталған аумақта мамандар тынығуға арналған шеңбер күрке орнатып жатыр.

Істі жергілікті «Shatyr group KZ» компаниясы атқаруда. Мамандар құрылыс жұмыстарына мамыр айының 5-і кіріскен. Мердігерлер саябақтың инфрақұрылымына аса мән берген екен. Сондықтан, ең алдымен жауын-шашынды тез ағызып әкететін шағын арықты қазыпты. Енді бетонын орнату ғана қалған.

Асылбек Баганов – «Shatyr group KZ» компаниясының өкілі:

– Бұл аумақ сазды болғандықтан беткі қабатына топырақ төсеп жатырмыз. Ол үшін 60 мың тонна жер әкелдік. Шамамен 2 аптадан соң көгалдандыру жұмыстарын бастаймыз. Жалпы құрылыс алаңында 20-дан астам қызметкеркер еңбектенуде. Тағы 5-6 бірлік техникамыз да бар.

Саябақтың жобасын Нұр-Сұлтандық сәулетші Мұстафа Көк 4 ай бойы құрастырған екен. 25 жастағы жігіт сызбаны әзірлеу кезінде бионика тәсілін қолданыпты. Яғни, көгалдандыруға басымдық беріледі. Қазіргі күні бұл стиль – Еуропа мен Қытай елдерінде аса танымал.

Мұстафа Көк – жоба авторы:

– Саябақтың жалпы ауданы 2\5 гектардан тұрады. Ішінде амфитеатр, оның айналасында су бұрқақ, балалардың ойын алаңы, жүгіру жолақтары болады.

Саябақ кез-келген жастағы тұрғынның көңілінен шығады дейді жоба авторы. Мұнда демалып қана емес, кітап оқып рухани азық алуға болады. Спортты жаны сүйетіндер үшін футбол, баскетбол алаңдары орнатылмақ. Бір сөзбен айтқанда серуендеп жүріп, ғажайып көріністен ләззат алатындары анық. Ерекше саябақтың ашылуын тұрғындар да асыға күтуде.

– Мұнда тұрып жатқаныма 1 айдай уақыт болды. Ауданымыз өте әдемі. Шығып қыдыратын саябақ құрылып жатыр.

– Саябақ осыған дейін болмап еді. Демалатын орын салып жатқандарына қуаныштымыз. Дүкен мен дәріхана алыста. Енді соларды да салып берсе екен.

Береке тұрғындары арман еткен саябақ халық игілігіне қазан айының соңында тапсырылады.

 

 

 

Маржан Касымбек